— Әскери қызметті шамамен он бес-жиырма жыл бұрын Сұрхандарияда өтедік. Ол кезде Терміз шекаралық және жабық қала еді. Көрші мемлекеттермен шекара жолы толығымен жабық болатын, басқа облыстан келген қонақ та облыс ішіндегі бекеттерде тоқтай беріп шаршап кететін. Шетелдік туристерді көрсек те, өте сирек көретінбіз, — дейді ол есіне алып. — Соңғы жылдары зиярат ету және таулы табиғаттан ләззат алу мақсатында жиі барып тұрамыз. Сұрхандария — туристер ұмтылатын жер.
Иә, оазис — Өзбекстанның ең қарқынды дамып келе жатқан туристік аймақтарының бірі. Соңғы жылдары облысқа келетін туристер санының күрт артқаны да пікірімізді растайды. Мысалы, үстіміздегі жылдың 9 айында Сұрхандария облысына 2 миллион 500 мыңға жуық жергілікті, 750 мыңнан астам шетелдік турист келген. Аймақта туристік қызметтер экспортынан 130,5 миллион доллар қаражат игерілген.
— Өлкеге туристер негізінен зиярат, медицина, білім, этно, гастрономиялық, археология және экотуризм мақсатында келіп жатыр. Осыған орай облыста туризмнің әртүрлі бағыттарын дамыту бойынша жүйелі жобалар жүзеге асырылуда. Шын мәнінде, Сұрхандарияның туристік әлеуеті айтарлықтай жоғары, 1 миллиард долларға бағаланады, — дейді Сұрхандария облысы туризм басқармасының бөлім басшысы Бекзод Урозов. — Үстіміздегі жылдың өткен 9 айында облысқа келген туристердің басым бөлігі медицина және сауықтыру қызметтерін пайдаланған. Бұл еліміздегі денсаулық сақтау саласының болашағы екенін көрсетеді.

Хожаипок тұз кеніші, Сангардак сауықтыру орны, Хожаипок өзені, Терміз құмды аймағы сияқты ондаған сауықтыру және оңалту орталықтарының арқасында оазис көрші елдер үшін өзіндік «медицина хабына» айналып келеді.
Облыстың туристік тартымдылығын одан әрі арттырып, шетелдік туристер ағынын көбейту үшін елеулі жұмыстар атқарылды.
— Сұрхан оазисінде туристерді қабылдау үшін 2627 орындық 61 қонақүй, 1342 орындық 35 хостел және 1308 орындық 140 отбасылық қонақ үйі жұмыс істейді. Тек осы жылдың өткен 9 айында тағы 4 қонақүй, 4 хостел және 9 отбасылық қонақ үйі салынып, пайдалануға берілді, — дейді Сұрхандария облысында туризм инфрақұрылымын дамыту және басқару дирекциясының бас маманы Норқуват Нурматов. — Сондай-ақ облысқа туристер ағынын арттыру бойынша 2026 жылдың соңына дейін нақты шаралар белгіленген. Жыл соңына дейін өлкеге келетін шетелдіктер санын 900 мыңға, «Өзбекстан бойынша саяхатта» бағдарламасы аясында келетін жергілікті туристер санын 1 миллион 748 мыңға жеткізу жоспарланған.
Елімізде туристік инфрақұрылымға инвестиция салуға ниетті инвесторларды қолдауға ерекше назар аударылуда. Мысалы, биылдың өзінде Байсындағы «БЕК» қонақүйіне 1 миллиард 525 миллион, Денаудағы «Денау Плаза» қонақүйіне 525 миллион, «Сумбула» қонақүйіне 225 миллион, Сарыасиядағы «Оқшом» қонақүйіне 150 миллион сум көлемінде субсидия бөлінген.

Президентіміздің 2024 жылғы 16 желтоқсандағы «Сұрхандария облысының таулы-рекреациялық аумақтарында туризм инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ заманауи қызмет көрсету және туризм нысандарын құру іс-шаралары туралы» қаулысына орай, облыстың 3 аумағында туристік орталықтар құрылды. Атап айтқанда, Сарыасия ауданында құны 11,7 миллион долларлық аспалы жол салынып, пайдалануға берілді. Ұзындығы 1558 метр болатын бұл аспалы жол жылына 800 мыңға дейін туристі қабылдау мүмкіндігіне ие. Шерабад ауданындағы тұз кеніші аумағында да құны 12,2 миллион долларлық «Денсаулық туризмі қалашығы» құрылуда. Аталған кешен тыныс жолдары, аллергиялық және басқа да ауруларды тұз үңгірлері арқылы емдеу әдісіне мамандандырылған ірі орталықтардың бірі болады.

— Тағы бір айта кетерлік жайт, биыл облыста туризм бағытында жалпы құны 38,4 миллион долларлық 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 361 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, — дейді Сұрхандария облысы әкімдігі хатшылығының меңгерушісі Ботир Сафарбоев. — Сондай-ақ Сарыасия және Шерабад аудандарында жалпы 23,9 миллион долларлық 2 ірі туризм жобасы басталды.

Оазис үш көрші мемлекетпен шектеседі. Сол себепті облысқа келетін туристер үшін көлік және авиация қатынасын жақсартуға, жаңа бағыттар ашуға ерекше назар аударылған.

— Осы жылдың мамыр айынан бастап «Терміз — Стамбұл — Терміз» бағытында «Flykhiva» авиакомпаниясы тұрақты рейстерді іске қосты, — дейді Сұрхандария облысы көлік басқармасының бас маманы Козим Бойбөриев. — Сонымен қатар «Ташкент — Сарыасия — Ташкент» бағытында «Silk Avia» тұрақты әуе қатынастарын бастады. Ширек ғасыр бойы пайдаланылмай келген Сарыасия әуежайының қызметі қалпына келтіріліп, тұрақты рейстер орындалуда.

Мамандардың пікірінше, Сұрхан оазисінің туристік әлеуеті әлі толық ашылмаған. Онда жоғары деңгейдегі экономикалық және туристік мүмкіндіктер жасырынып жатыр. Осы бағыттағы жаңа бастамалар мен жобалар сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қызмет етеді. Бүгін туристерді облысқа шарлаған күш — басталған реформалардың алғашқы нәтижелері.

Сарвар ТУРАЕВ,

«Янги Ўзбекистон» тілшісі.