Қазіргі уақытта Франция мен Еуропаның бірқатар елдері адам өміріне қауіп төндіріп отырған қатты ыстықтың әсерін бастан өткізуде. Экстремалды температура күнделікті өмірді қиындатып, мектептердің жабылуына және пойыз қозғалысының тоқтатылуына себеп болып отыр.

Сақтық шаралары аясында әлемдегі ең танымал туристік нысандардың жұмысына да шектеулер енгізілді. Париждегі Эйфель мұнарасы аптап ыстыққа байланысты әдеттегіден ертерек жабылып, көптеген туристің жоспарын өзгертуіне мәжбүр етті.

АҚШ-тан келген турист Тамара Дансер мұнараға билет сатып алу үшін екі ай бұрын тапсырыс бергенін, алайда сапары соңғы сәтте тоқтатылғанын айтты.

Соған қарамастан, кейбір саяхатшылар ыстық ауа райы Парижді тамашалауға кедергі келтірмейтінін жеткізді.

«Аптап ыстық саяхатымыздың қызығын бұза алмайды. Парижде көретін орындар әлі де өте көп», – деді Калифорниядан келген туристер Карлин мен Кэрол.

Бұған дейін Францияда бұрын-соңды болмаған аптап ыстықтың салдарынан үш адамның қаза тапқаны туралы хабарланған болатын. Елдің бірқатар өңірінде ауа температурасы 40°C-тан асып кеткен. Үкімет аптап ыстықтың тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлады Kazinform.