Қалалардың кеңеюі, технологиялық даму және климаттың өзгеруі құтқару қызметінің алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Қазіргі уақытта кейбір өрт сөндіру-құтқару бөлімдерінің орналасуы, ғимараттары мен техникасы жедел көмек көрсету талаптарына толық жауап бермейді.

Мемлекет басшысы жүйені жаңғыртудағы басты мәселе адам өмірін сақтап қалу болуы керектігін атап өтті. Осы ған орай «алтын минут» қағидасын тәжірибеге енгізіп, құтқарушылардың оқиға орнына жету уақытын қала аумағында 5–7 минутқа, ал қала орталығынан тыс жерлерде 15–20 минутқа дейін қысқарту міндеті жүктелді.

Халық саны 250 мыңнан асатын аудандар мен қалалардағы 25 өрт сөндіру-құтқару бөлімін қайта ұйымдастыру және оларды заманауи техникамен қамтамасыз ету жоспарлары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар күрделі жағдайларда жұмыс істейтін «Мадад» ұлттық көпсалалы арнайы құтқару орталығын, авиациялық-құтқару бөлімін және төтенше жағдайларды басқару жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығын құру ұсынылды.

«112» бірыңғай диспетчерлік қызметінің жұмысын жетілдіру, өтініш түскен сәттен бастап оның орындалуына дейінгі үдерісті бақылау және тиісті қызметтер арасындағы ақпарат алмасуды күшейту мәселелеріне де назар аударылды. Салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігі атап өтілді.

Су қоймаларындағы құтқару қызметін кеңейту қажеттігі де айтылды. Қолданыстағы 56 су қоймасының тек төртеуінде ғана мұндай қызмет жолға қойылған. Осыған байланысты «Каркидон» су қоймасының үлгісінде кәсіби құтқару жүйесін құру ұсынылды. Құтқарушылар даярлайтын техникумда дуалды білім беру негізінде құтқарушы-сүңгуірлер даярлау, сондай-ақ туристік нысандар қызметкерлерін төтенше жағдайларда әрекет етуге және алғашқы көмек көрсетуге үйрету жоспарланып отыр.

Су қоймаларын туризм мақсатында пайдалану мүмкіндіктері де таныстырылды. Қазір бес су қоймасында туристік қызметтер ұйымдастырылған, ал тағы 25 су қоймасында мұндай қызметтерді жолға қоюға мүмкіндік бар. Бұл аумақтарға инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туристер ағынын арттыруға ықпал етуі мүмкін.

Бұл ретте қауіпсіздік талаптарына басымдық берілуі тиіс екені атап өтілді. Туристік қызметтерді сертификаттау, кәсіпкерлердің кәсіби құтқару құрылымдарымен міндетті түрде шарт жасасуын белгілеу, демалыс орындарын құтқару қайықтарымен, бақылау мұнараларымен және су тереңдігін көрсететін белгілермен жабдықтау ұсынылды.

Су қоймалары маңында туристік қызмет көрсететін кәсіпкерлерді қолдау шаралары да таныстырылды. Оларға 2029 жылғы 1 қазанға дейін жер және мүлік салықтарының жартысын төлеу, GPS құрылғыларына, құтқару және қауіпсіздік жабдықтарына салынатын кедендік төлемдерді 120 күнге кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігін беру көзделіп отыр. Осы аумақтардағы жер учаскелерін сатудан түскен қаражатты сыртқы инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымын дамытуға бағыттау ұсынылды.

Сондай-ақ, су қоймаларының техникалық жай-күйін және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. 25 су қоймасы жергілікті жерде зерттелген. Қауіпті өзгерістерді ерте анықтау үшін жергілікті ескерту жүйелерін, бейнебақылауды, сейсмологиялық жабдықтар мен цифрлық бақылау құралдарын кеңінен енгізу шаралары қабылданады.

Таныстырылым соңында Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға құтқару қызметінің жеделдігін арттыру, су қоймаларында кәсіби құтқару қызметін жолға қою және туристік нысандардағы қауіпсіздік талаптарын нақты белгілеу жөнінде тапсырмалар берді.