Жапониядағы балабақшаларда тәжірибе жүргізген психологтар кішкентай балалар шамамен бес жасқа толғанда іштей сенімді түрде санай бастайтынын анықтады. Алайда мектепке дейінгі жастағы балалар мұны қалай жасайтынын түсіндіріп бере алмайды.

Бұл тақырыптағы мақала Acta Psychologica журналында жарияланған, деп хабарлады science.mail.ru.

Ішкі монолог жүргізу қабілеті ересектер үшін табиғи нәрсе болып көрінеді. Мысалы, сүт сатып алуды өзінің есіне салу немесе алдағы әңгімені мида жаттығу сияқты ішкі сөйлеу саналады. Бұл қабілет зейін қоюмен және өзін-өзі бақылаумен байланысты деп есептеледі. Алайда жаңа зерттеуде осы байланыстың толық сипаты тексерілген жоқ.

Кішкентай балалар көбіне өз әрекеттерін дауыстап түсіндіріп отырады. Осындай сөйлесу үдерісінің ойлаумен қалай байланыса бастайтынын анықтау қиын. Себебі мектепке дейінгі жастағы балалар өздерінің ішкі күйі мен ойша елестететін нәрселерін түсіндіріп бере алмайды. Сондықтан ата-аналар мен педагогтер баланың осы кезеңде нені істей алатынын толық түсінуде қиындықтарға тап болады.

Зерттеушілер Кота Отани мен Юсуке Моригути балаларға қарапайым тест — беске дейін санауды ұсынды. Тәжірибеге Жапония балабақшаларынан үш пен алты жас аралығындағы 77 бала және 25 студент қатысты.

Әр қатысушы планшеттегі таймерді іске қосу батырмасын басып, беске дейін санады да, тоқтату батырмасын басты. Экранда секундтар көрсетілмеді. Алдымен балалар дауыстап санады, кейін дәл сол қарқынды сақтай отырып, іштей қайта санады.

Ойлаудың дамуының жасырын кезеңі

Балалардың дағдысын бағалау үшін ғалымдар бір әрекеттен екіншісіне дейінгі санау уақытының қаншалықты тұрақты екенін тексерді. Дауыстамай, яғни іштей санау жас ұлғайған сайын тұрақтана түсті. Ал дауыстап санау кезінде мұндай заңдылық анықталған жоқ.

Зерттеу барысында кішірек балалардың еріндерін жиі қимылдатып, бәсең дыбыстар шығаратыны немесе саусақтарымен санайтыны байқалды. Қорытынды талдауға 58 бала кірітілді: олардың 19-ы — негізінен ең кішкентай балалар  уақытты сақтау мен тәжірибе ережелерін орындауға байланысты қиындықтар туындағандықтан, зерттеу үдерісінен шығарылды.

Одан кейін балаларға ішкі сөйлеу туралы сұрақтар қойылды. 29 баланың жауаптары талданды. Жасы үлкен балалардың барлығы дерлік өздерімен іштей сөйлесетінін растады. Ал басқа балалардың жауаптары әртүрлі болды және кездейсоқ берілген жауаптардан айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетпеді.

Іштей тұрақты санайтын балалардың ішкі сөйлеу қабілеті басқаларға қарағанда жақсырақ болған жоқ. Бір қызығы, ересектер іштей санағаннан гөрі дауыстап санауды қолайлы көрді. Мұның себебі адамның өз дауысы белгілі бір ырғақты сақтауға көмектесуі мүмкін.

Қорытындылай келе, бұл зерттеу ата-аналар мен тәрбиешілер үшін маңызды: егер кішкентай баладан өз ойларын сөзбен түсіндіріп беруін сұрасаңыз, оның жауабына қарап, өзі іс жүзінде қолданып жүрген дағдыларын толық бағалай алмауыңыз мүмкін.

Зерттеудің кемшіліктері де бар: баланың беске дейін санауына қарап, оның ойлау деңгейін бағалау қиын. Бұған дейін жүргізілген есте сақтау тестінде шамамен жеті жастағы балалардан ішкі сөйлеудің белгілері анықталған болатын. Алайда басқа зерттеушілер бұл тестті кішкентай балалар үшін тым күрделі деп есептеген.