Хабарланғандай,
Сколково Ғылым және технология
институтының (Сколтех) және басқа да зерттеу орталықтарының зерттеушілері
антибиотиктерді іздеуге арналған жетілдірілген жүйе жасап шықты. Бұл жүйе
қауіпті грамм-теріс
бактерияларда, соның ішінде көк ірің таяқшасында РНК синтезін
бұзатын қосылыстарды жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңа
технология болашағы зор қосылыстарды іріктеп қана қоймай, олардың әсер ету
механизмін де анықтай алады. Бұл жаңа
дәрілік заттарды әзірлеу және оларды химиялық тұрғыдан жетілдіру бағытындағы
кейінгі зерттеулер үшін маңызды.
– Заттың әсер ету механизмін білу оның қалай
жұмыс істейтінін жан-жақты зерттеуге және қажет болған жағдайда химиялық
құрылымын жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді зерттеудің ғылыми жетекшісі,
Сколтехтің Био және медициналық технологиялар орталығының аға оқытушысы Дмитрий
Лукьянов.
Зерттеудің бірінші авторы, биолог Антон
Иззи жаңа жүйенің жұмыс істеу қағидатын түсіндірді.
– Біздің репортерлік жүйеміз антибиотиктің
әсер ету механизмін анықтайды. Егер ол рибосомаларға әсер етсе, оны көрсетеді.
Егер ол ДНҚ синтезіне әсер етсе, оны да анықтайды. Енді бұл
мүмкіндік кеңейтіліп, жүйе РНҚ синтезіне әсер ететін антибиотиктерді де анықтай
алады, – деді ол.
Жүйе зертханалық ішек таяқшасының (Escherichia
coli) штаммы негізінде әзірленген. РНҚ синтезі бұзылған кезде оның геномындағы
арнайы ген белсендіріледі. Ғалымдар бұл өзгерістерді ПЦР-тест арқылы бақылайды.
Зерттеушілердің айтуынша, жаңа әдіс
антибиотиктерді әзірлеудің бастапқы кезеңіндегі зерттеу уақытын едәуір
қысқартады. Бұған дейін мұндай жұмыстар молекулалардың құрылымын талдауды,
ықтималды нұсқаларды болжауды және қосымша тәжірибелер
жүргізуді талап ететін.
Мамандардың айтуынша, бактериялардың
антибиотиктерге төзімділігі дәрілерді ұзақ уақыт әрі бақылаусыз қолданудың
салдарынан артып келеді. Соңғы онжылдықтарда көк ірің таяқшасы мен алтын
түстес стафилококк (Staphylococcus aureus) сияқты микроорганизмдер
көптеген антибиотиктерге төзімділікті қалыптастырған.
Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми
журналда жарияланды, деп хабарлады Kazinform.