Бұл туралы Ташкент қаласы әкімдігінің ақпарат қызметі хабарлады. Ашылу рәсімі аясында Өзбекстанда өндіріле бастаған брендтің алғашқы моделі — JAC M3 автомобилін құрастыру желісі ресми түрде іске қосылды.

“JAC Motors Toshkent” ЖШҚ Қытайдың JAC Motors компаниясы мен “Toshkent invest kompaniyasi” АҚ ынтымақтастығында біріккен кәсіпорын формасында  құрылды. Зауыт іштен жану двигателі бар көліктерді, гибридтер мен электромобильдерді шығаруға мамандандырылған.

Жобаның жалпы құны 135 миллион АҚШ долларын құрайды. Ол 30 гектар аумақта екі кезең бойынша жүзеге асырылады.

Бірінші кезеңде 35 миллион доллар инвестиция игеріліп, жылына 10 мың автомобиль шығаруға қауқарлы SKD зауыты іске қосылды. Сонымен қатар 100 жаңа жұмыс орны ашылады.

Екінші кезеңде толық өндірістік циклге ие CKD зауытын салу, жылдық өндіріс қуатын 30 мың автомобильге дейін шығару және шамамен 1000 қосымша жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Алдағы уақытта Ташкентте JAC M4, Sunray, JS8, RF8, T8 және T9 модельдерін шығару жолға қойылады деп күтілуде.

Жауапты тұлғалардың айтуынша, бұл жоба елордада жоғары технологиялы өнеркәсіп салаларын дамытуға, автомобиль базарындағы бәсекелестікті күшейтуге, халыққа сапалы әрі қолжетімді көлік құралдарын ұсынуға және экспортқа бағытталған өнімдер шығаруға қызмет етеді.