Үкімге орай, іс бойынша барлық айыпталушылар «Билікті күшпен басып алуға әрекет жасау» бабы бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда бұл жаза 3 жылдық пробация бақылауымен алмастырылғандықтан, олар түрмеге қамалмайды.

Сотталғандар:

Қамшыбек Ташиев – Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің бұрынғы төрағасы;

Нұрланбек Тұрғынбекұлы – Жогорку Кеңестің бұрынғы спикері;

Құрманқұл Зулушев – Жогорку Кеңестің бұрынғы депутаты;

Бекболот Талғарбеков – қоғам қайраткері;

Эмилбек Ұзақбаев – Қырғызстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі;

Құрманбек Диқанбаев – Жогорку Кеңестің бұрынғы депутаты;

Аалы Қарашев – бұрынғы вице-премьер және бұрынғы депутат;

Курсан Асанов – Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары.

Бұл ретте сот сотталушыларды «Қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша ақтады.

Ақпан айынан бері қамауда отырған Бекболот Талғарбеков, Эмилбек Ұзақбаев, Құрманбек Дийқанбаев, Аалы Қарашев және Құрсан Асанов сот залынан босатылды.

Пробация дегеніміз сотталғанның бас бостандығынан айырылмай, сот белгілеген мерзімде пробация органдарының қадағалауында болуы.

Үкімнен кейін Құрманбек Дийқанбаев сот шешімін дұрыс деп бағалады. Қамшыбек Ташиевтің адвокаты Икромиддин Айтқұлов пен Құрманқұл Зулушевтің қорғаушысы Бақытбек Жұмашев сот үкіміне жоғары т сот инстанциясына шағымданатындарын мәлімдеді.

Құрсан Асанов та қысым көрмегенін, бірақ сот үкімімен келіспейтінін айтты.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушылардың әрқайсысын тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Еске сала кетейік, бұл қылмыстық іс бір топ саясаткер мен қоғам қайраткерлері қол қойған «75 хатқа» қатысты. Олар кезектен тыс президент сайлауын өткізуді және мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды ұсынды. Тергеу мәліметінше, бұл үндеу саяси мәлімдеме емес, елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және билікті өзгерту әрекетінің бір бөлігі болған. Сотталушылар өз кінәларын мойындамай отыр.