Биылғы жылдың 27 шілдесінде Мемлекет басшысының төрағалығымен отын-энергетика саласындағы басым міндеттерге арналған бейнеконференция өтті. Онда саладағы басқару жүйесі, өңірлердегі электр және газбен қамтудың тұрақтылығы, апаттардың алдын алу және энергия шығындарын азайту мәселелері сын тұрғысынан талданған болатын.
Атап айтқанда, электр және газбен қамту жұмыстарын аудандық және махалла деңгейінде ұйымдастыру, өңірлердің энергия тұтыну теңгерімін қалыптастыру, желілер мен жабдықтарды түгендеу, күзгі-қысқы маусымға жан-жақты дайындалу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жөнінде міндеттер белгіленді.
Таныстырылым барысында Энергетика министрлігі, «Худудий электр тармоқлари» акционерлік қоғамы және «Узэнергоинспекция» жаңа басшылығының осы тапсырмаларды орындау бойынша атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары қаралды.
Қазіргі таңда «Янгийул» ауданында электр және газбен қамтуды жақсарту жөніндегі арнайы штаб жұмыс істеуде. Онда кәсіпкерлер және тұрғындармен ашық кездесулер өткізіліп, электр қуатының үзілуі, қуат тапшылығы, газ қысымының төмендеуі, техникалық шарттарды рәсімдеу және берешекке қатысты мәселелер тікелей зерделеніп жатыр.
Осынау ауданындағы тәжірибе негізінде мұндай үлгідегі жүйені тағы 13 ауданда енгізіп, кейін оны республиканың басқа өңірлеріне кезең-кезеңімен тарату жоспарланған.
Кәсіпкерлік субъектілерін электр және газ желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды рәсімдеу үдерісінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары күшейтілуде.
Күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында проблемалы желілер мен жабдықтарды жаңарту, энергия шығындарын азайту, энергия тиімділігін арттыру және апаттық ажыратулардың себептерін жою жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар сала қызметкерлеріне тапсырмаларды электронды жүйе арқылы жеткізу, олардың орындалуын бақылау және қызмет тиімділігін нақты көрсеткіштер негізінде бағалау тетіктері әзірленуде.
Энергетика министрлігіне салада бірыңғай әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыру, ведомстволық кәсіпорындардың жұмысын үйлестіру, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру және күзгі-қысқы маусымға дайындықты жүйелі ұйымдастыру міндеті жүктелді.
«Худудий электр тармоқлари» акционерлік қоғамына өңірлердегі электрмен қамтудың тұрақтылығын арттыру, инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту, апаттық ажыратулар санын азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту тапсырылды.
«Узэнергоинспекция» мекемесіне энергия ресурстарын тиімді пайдалануды бақылауды күшейту, техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, энергия шығындарын қысқарту және ірі тұтынушыларға энергетикалық аудит жүргізуді жеделдету міндеті жүктелді.
Сондай-ақ табиғи газ жеткізу мүмкіндігі шектеулі махаллаларды маусымға дайындау, сұйытылған газбен қамтуға жекеменшік секторды кеңінен тарту және саладағы мониторинг барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы барлық шараларды нақты есеп пен мақсатты жоспар негізінде жүзеге асырып, халық пен экономиканың барлық саласын электр және газбен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.