Құны 42 миллиард сум болатын техникум 5,2 гектар аумақта орналасқан. Оның құрамына оқу ғимараттары мен зертханалар, шеберханалар, жатақхана, спорт алаңы, асхана және «Кәсіптер қалашығы» кіреді. Жалпы саны 14 ғимарат пен нысанды қамтитын мекемеде 80 жұмыс орны ашылған.
Қазір мұнда 10 бағыт бойынша 417 жас білім алып жатыр. Оқу үдерісіне Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Қытай және Оңтүстік Кореяның озық тәжірибесі енгізілуде.
Техникум облыстағы басқа кәсіптік білім беру мекемелері үшін де әдістемелік әрі практикалық база қызметін атқарады. Осы мекемелерде оқитын 2 800 студент мұнда тәжірибеден өтеді. Өндірістік тәжірибе мен дуальды оқытуды ұйымдастыру үшін 32 ірі ұйыммен келісімшарт жасалған. Тағы 11 ұйыммен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін 500 жасты неміс тіліне оқытып, Германияға ақылы тәжірибеден өтуге жіберу көзделген. Мемлекет басшысы тағылымдамаға аттанғалы жатқан бір топ жаспен әңгімелесті.
– Барлық күш-жігеріміз сіздердің кәсіп меңгерулеріңіз үшін жұмсалып жатыр. Кәсіп игерсеңіздер, ешқашан таршылық көрмейсіздер. Білім мен өнерді жетік меңгерсеңіздер, қай жерде жүрсеңіздер де өз орындарыңызды табасыздар. Бүгін сіздерге осындай мүмкіндік беріліп отыр. Оны дұрыс пайдалансаңыздар, өздеріңізге, балаларыңыз бен немерелеріңізге бақуатты өмірдің негізін қалайсыздар. Сондықтан бір минуттарыңыз да бос өтпесін, – деді Мемлекет басшысы.
Сұхбат барысында мектеп кезінен бастап кәсіп пен тіл үйретуге көңіл бөлу қажеттігі де атап өтілді. «Кәсіптер қалашығы» мектеп оқушыларының қызығушылығы мен қабілетін ерте анықтап, оларды белгілі бір кәсіпке бағыттау мақсатында құрылған.
Жастар мұнда ақпараттық технологиялар, «жасыл» энергетика, робототехника, дрондарды басқару және электромобильдерге қызмет көрсету сияқты бағыттармен танысады. Сондай-ақ тігіншілік, аспаздық, сантехника, зоотехника және агрономия бойынша практикалық дағдыларды меңгереді.
Облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жаңа мамандарға деген сұранысты арттыруда. Осыған байланысты техникумның мүмкіндіктерін толық пайдалану, білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілердің талаптарына бейімдеу және жастарды жаңа кәсіпорындарға қажетті мамандықтар бойынша мақсатты түрде даярлау маңызды екені атап өтілді.
Сондай-ақ Қашқадария облысының білім беру жүйесіндегі заманауи тәсілдер мен Германиямен бірлесіп жүзеге асыруға жоспарланған перспективалы жобалар туралы ақпарат берілді.