Өңірде өсірілетін жеміс-көкөністі терең өңдеуге маманданған жаңа кәсіпорын шикізаттан қосылған құны жоғары өнім өндіріп, оны сыртқы нарықтарға жеткізумен айналысады.

АҚШ-тың «Wosune International Inc» компаниясының инвестициясы есебінен салынған кәсіпорынның құны 8,5 миллион долларды құрайды. Мұнда 150 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Кәсіпорында сәбіз, асқабақ, алма, көк пияз, саумалдық және түрлі көк шөптер конвекциялық қондырғыларда кептіріледі. Бұл технология өнімнің табиғи дәмі мен тағамдық құндылығын сақтауға мүмкіндік береді. Өндіріс үдерістерінің 30 пайызы роботтандырылған.

Дайын ингредиенттер тез әзірленетін тағамдар, дәмдеуіштер, консервілер мен косметикалық өнімдер шығаратын компанияларға жеткізіледі. Өнімдер Ресейге, Еуропа елдеріне және ТМД мемлекеттеріне экспортталады. Жылдық экспорт көлемін 40 миллион долларға жеткізу жоспарланған.

Шикізат жеткізуді кеңейту мақсатында облыстағы шаруа қожалықтарымен тікелей кооперациялық байланыс орнату көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы кәсіпорындағы өндіріс үдерісімен және дайын өнімдермен танысты.