Мемлекет басшысы кейінгі бес жылда облысқа 20 триллион сум қаражат бағытталып, 7 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылғанын атап өтті. Шикізатты терең өңдеуге бағытталған мыңдаған жоба іске қосылып, жан басына шаққандағы табыс үш есе өсті.

– Енді өсірілген өнімді облыстың өзінде терең өңдеп, өңір тұрғындарының лайықты табыс табуына жағдай жасау керек, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай жалпы құны 6 миллиард доллардан асатын 161 жоба әзірленген. Рәсім барысында оның 69-ы іске қосылып, тағы 92 жобаның құрылысы басталды.

Іске қосылған 28 өнеркәсіп кәсіпорнында 7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Италияның «Cotonella» бренді жылына 8,5 миллион дана дайын трикотаж өнімін өндіруді қолға алуда. «Косон», «Миришкор» және «Касби» аудандарында тоқыма саласындағы тағы 14 жоба басталады. Олардың нәтижесінде 18 мың жұмыс орнын ашу көзделген.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да жаңа өндірістік қуаттар іске қосылып жатыр. АҚШ компанияларымен бірлескен «Wosune Food Ingredients Karshi» кәсіпорны 3,5 мың гектар алқапта өсірілетін 100 мың тонна жеміс-көкөністі өңдейді. Құны 40 миллион доллар болатын өнімді «Nestlé» және «Purina» сияқты халықаралық брендтерге экспорттау жоспарланған. Ал Мысыр мен Пәкістан инвесторлары «Нишон» және «Ғузар» аудандарында 24 мың гектар жерді игеріп, картоп өсіру және мал шаруашылығы жобаларын бастайды.

– «Жасыл» экономика облысты дамытудың берік негізіне айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Ақсу өзенінде жалпы қуаты 24 мегаватт болатын үш гидроэлектр станциясы іске қосылды. «Қаршы» ауданында Қытайдың «Shanghai SUS» компаниясының қатысуымен қалдықтардан электр энергиясын өндіретін құны 150 миллион долларлық зауытты жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар «Китаб», «Яккабоғ» және «Шахрисабз» аудандарында жалпы қуаты 58 мегаватт болатын тоғыз шағын су электр станциясы салынады.

«Китаб» ауданында Әзербайжанмен бірлесіп алтын өндіру жобасы басталады. Ал «Шахрисабз» ауданында ресейлік инвесторлармен бірге құны 300 миллион доллар болатын аспалы жол, қонақ үй және тау шаңғысы курортынан тұратын кешен салу көзделген.

Мемлекет басшысы шетелдік серіктестер мен инвесторларға облысқа инвестиция, жаңа технологиялар мен инновациялар әкеліп жатқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ олардың ұсыныстарын тыңдады.

– 2027 жыл Қашқадарияны заманауи өнеркәсіп пен агротехнологиялар негізінде дамыту жылы болады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Президент символдық түймені басып, жаңа жобаларды іске қосты және келесі жобалардың құрылысын бастап берді.