Мемлекет басшысы шахматшыларымызды Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасындағы тарихи жеңісімен тағы да құттықтады.

– Олимпиаданың екі дүркін чемпионы деген биік әрі мәртебелі атақ баршамызға, бүкіл Өзбекстан халқына құтты болсын! – деді Президентіміз.

Самарқандтағы олимпиадаға 200-ден астам елден екі мыңға жуық шахматшы, соның ішінде үздік гроссмейстерлер мен қазіргі чемпиондар қатысты. Осындай жоғары бәсеке жағдайында отандастарымыз Өзбекстан туын биікке көтерді. Жеңістің өз елімізде, халқымыздың көз алдында қол жеткізілуі оған айрықша мән қосты.

Жарысты тікелей тамашалау үшін Самарқандқа 60 мыңнан астам жергілікті және шетелдік қонақ келді. Өңірлерде ұйымдастырылған жанкүйерлер алаңдарында 500 мыңға жуық адам бас қосты. Ал телеэкрандар мен интернет арқылы миллиондаған отандасымыз жарыс барысын толқыныспен бақылап отырды.

Мемлекет басшысы шешуші ойындарға тоқталып, қазіргі Олимпиада чемпионы Үндістан құрамасына қарсы кездесуді ерекше атап өтті. Нодирбек Ёқуббоев Нихал Саринге қарсы партияда қиын жағдайға тап болса да, күресті соңына дейін жалғастыра отырып, қарсыласының қателігін ұтымды пайдалануның арқасында, тактикалық жүрістер жасауы командамызға шешуші жеңіс әкелді.

Осыдан кейін Өзбекстан құрамасы жеке-дара көш бастады. Шахматшыларымыз Қытай құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған, олимпиаданың алты дүркін чемпионы АҚШ құрамасынан да басым түсті.

Нодирбек Абдусатторов жарысты бірде-бір рет жеңілмей аяқтап, бірінші тақтада алтын медаль иеленді. Оның әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған Фабиано Каруанаға қарсы күрделі эндшпильде жеңіске жетуі де ерекше атап өтілді.

Мемлекет басшысы Жавохир Синдаровтың Үміткерлер турниріндегі тарихи жетістігін де еске алды. Ол олимпиадада да салқынқандылық пен тұрақтылық танытты. Президентіміз Жавохирдің алдағы әлем чемпионы атағы үшін өтетін бәсекеде бүкіл Өзбекстан халқының сеніміне ие екенін атап өтті.

Олимпиадаға алғаш рет қатысқан Мухиддин Мадаминов шешуші күні украиналық Роман Дехтияровты қара тастармен ойнағанына қарамай жеңіп, командаға алтын медаль үшін қажетті ұпайды әкелді. Ал Шамсиддин Вахидов қазіргі әлем чемпионы Гукешке қарсы қара тастармен ойнап, тең дәреже көрсетті. Айтылғандай, бұл жеңіске команданың әрбір мүшесі тамаша үлес қосты.

Өзбекстан Олимпиадаға ерлер мен әйелдер арасында барлығы алты ұлттық құрамамен қатысты. Ерлер арасындағы екінші командамыз әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған Нидерланд құрамасын ірі есеппен жеңді. Үшінші команданың мүшесі, 17 жастағы Асроржон Омонов сегіз ойынның жетеуінде жеңіске жетті.

– Бізде екі-үш шахматшы ғана емес, тұтас бір мықты буын бар десек, бұл да ақиқат шындық, – деді Мемлекет басшысы.

Әйелдерден құралған құрамалар да табандылық танытты. Бірінші команда 11 турдың жетеуінде жеңіске жетіп, мықты қарсыластармен тең дәрежеде ойнады. Афруза Хамдамова, Гулрухбегим Тохиржонова, Умида Омонова, Нилуфар Имомкузиева, Гулдона Каримова және басқа да шахматшы қыздардың еңбегі атап өтілді. Мемлекет басшысы алдағы уақытта өзбек шахматшы қыздары да Олимпиада тұғырының ең биік сатысына көтерілетініне сенім білдірді.

Самарқандта өткен шахматтан үшінші ФИДЕ паралимпиадасында Өзбекстан құрамасы алғаш рет қола медаль жеңіп алды. Селби Какишова жеті ойында алты ұпай жинап, өз тақтасында күміс медальға ие болды. Абдулазиз Баходиров жекелей сында қола медаль иеленсе, Ахадхон Кимсанбоев жарысты жеңіліссіз аяқтады. Президент парашахматшылардың осындай табандылық танытып, көрсеткен жігеріне жоғары баға берді.

Кездесуде бұл жетістіктердің артында спортшылардың ата-аналары, алғашқы ұстаздары, жаттықтырушылары және оларға қолдау көрсеткен ұжымдар тұрғаны атап өтілді. Президентіміз әлем чемпионы Рустам Қосимжоновтың тәжірибесі мен білімін жас буынға үйретіп жүргенін айрықша атап өтті.

– Ұстаздың ең үлкен жеңісі – шәкірттерінің өзінен де биік белестерді бағындырғандығында! – деді Мемлекет басшысы.

Өзбекстан шахмат федерациясының ФИДЕ тарапынан «Үздік федерация» деп танылуы, Рустам Қосимжоновтың ФИДЕ-нің құрметті вице-президенті, ал Хулкар Тохиржонованың Орталық Азия бойынша өңірлік президент болып сайлануы еліміздің әлемдік шахматтағы беделі артып келе жатқанын көрсететіні айтылды.

– Бұл нәтижелер кездейсоқ емес. Бұл – шахмат мектебі, бұл – жүйелі жұмыс, бұл – өзбек шахматының жаңа деңгейі, – деді Президентіміз.

2018 жылы қабылданған қаулы негізінде мектептерде шахмат оқыту, жаттықтырушылар даярлау және клубтарды дамыту жұмыстары жолға қойылды. Соңғы он жылда 17 шахматшымыз халықаралық гроссмейстер атағына ие болды. Олардың бесеуі – әйелдер.

Мемлекет басшысы алдағы мақсатты айқындап берді: Жаңа Өзбекстанды Олимпиада чемпиондарын тәрбиелейтін ел ғана емес, әлемдік шахмат орталығына айналдыру. Ол үшін елімізде тәжірибесімен, жетістіктерімен және жастарға үлгі боларлық чемпиондар бар екені атап өтілді. Олардан шабыт алған мыңдаған баланың шахматқа келуі жаңа таланттарды ашуға берік негіз қалайды.

Осы мақсатта әрбір облыс, аудан және махаллада дарынды балаларды ерте анықтау, оларды білікті ұстаздарға бекіту және халықаралық турнирлерге тұрақты қатысуына жағдай жасау міндеттелді. Қыздар шахматы мен парашахматты дамытуға арналған арнайы жүйе құрылады.

Ташкент халықаралық шахмат академиясының Самарқанд, Хорезм және Ферғана қалаларында өңірлік филиалдары ашылады. Академияда жоғары санатты жаттықтырушылар даярлау жолға қойылады. ФИДЕ рейтингінде 1500-ден жоғары ұпай жинаған шахматшылардың жекеменшік клубтарда оқу шығынының жартысын мемлекет өтейтін болады.

Сонымен қатар «Oʻzbekiston Grand chess» ұлттық брендінің аясында халықаралық турнирлер тұрақты өткізіліп тұрады. Президент Жаңа Ташкентте 500 адамға арналған ойын залы, жатақхана және спорт алаңдары бар заманауи шахмат сарайын салуды ұсынды.

Кездесуде шахмат және парашахмат олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын ынталандыру туралы шешім қабылданғаны хабарланды. Құжатқа сәйкес, чемпиондарға тұрғын үй мен автокөлік берілді. Қола медаль иеленген парашахматшылар да тұрғын үймен және автокөлікпен марапатталды. Ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушылары Рустам Қосимжонов пен Самандар Шермухаммадовқа автокөлік табысталды.

Олимпиада чемпионы атанған әрбір шахматшыға 200 мың доллардан, ал олардың жаттықтырушыларына 50 мың доллардан ақшалай сыйақы бөлінді. Қола медаль жеңіп алған әрбір парашахматшыға 50 мың доллардан, олардың жаттықтырушыларына 12 мың 500 доллардан берілді.

Президент жарлығына сәйкес, Отаны абыройын асқақтатуға қосқан үлесі, шеберлігі мен батылдығы үшін бір топ шахматшы, олардың ұстаздары және сала өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Кездесу барысында наградаларды тапсыру рәсімі өтті.

Мемлекет басшысы бұл марапат спортшылардың бүгінгі жеңісіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар олардың алдағы жетістіктеріне деген сенімнің белгісі екенін атап өтті.

Шара барысында спортшылар, олардың ата-аналары, ұстаздары мен жаттықтырушылары сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына шахмат саласына көрсетіліп отырған назар, жасалған кең мүмкіндіктер және жоғары бағалау үшін шынайы алғысын білдірді.

Кездесу соңында Мемлекетбасшысы ұлттық құрама мүшелерімен және олардың ата-аналарымен бірге естелік суретке түсті.