Мемлекеттік комиссияның тиісті хаттамасына орай, қарақалпақстандық абитуриенттер үшін оқуға қабылданудың екі қосымша мүмкіндігі белгіленді.

Бірінші мүмкіндік

2–6 қазан күндері Қарақалпақстан Республикасында тұрақты тұратын, қабылдау емтихандарында 68 балл және одан жоғары нәтиже көрсеткен әрі мемлекеттік жоғары білім беру ұйымдарының күндізгі оқу формасында ақылы-келісімшарт негізінде оқуға ұсынылған жастар 500 мақсатты қабылдау орнына байқауға қатысу үшін тіркеле алады.

Тіркелу my.uzbmb.uz сайты арқылы жүзеге асырылады. Абитуриенттер өздері студент болуға ұсынылған жоғары білім беру ұйымы мен білім беру бағыты бойынша байқауға қатысады.

Тіркелген абитуриенттер қабылдау емтихандарында жинаған балдарының жоғары болуы бойынша қатаң реттілік негізінде мақсатты қабылдау параметрлері шеңберінде студенттікке ұсынылады.

Екінші мүмкіндік

Қарақалпақстан Республикасы Министрлер Кеңесінің өтінішіне орай, Білім және біліктіліктерді бағалау агенттігі тарапынан облыстардағы мемлекеттік жоғары білім беру ұйымдарына бакалавриат білім беру бағыттары бойынша ақылы-келісімшарт негізінде қосымша 6 500 қабылдау орны бекітілді.

Аталған қосымша қабылдау орындары Қарақалпақстан Республикасында абитуриент ретінде тіркелген, жалпы орта, орта арнаулы немесе кәсіптік білім беру ұйымдарын тәмамдаған және қабылдау емтихандарында 56,7 балл және одан жоғары нәтиже көрсеткен, алайда студенттікке ұсынылмаған абитуриенттер есебінен қалыптастырылады.

Байқау нәтижелері бойынша тізімдер тиісті жоғары білім беру ұйымдарына белгіленген тәртіппен рәсімдеу үшін жеткізіледі.