Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев форум қатысушыларына жолдау жолдады.

Жолдауды Өзбекстан Республикасы Президенті Администрациясының басшысы Саида Мирзияева оқып берді.

Президент өз жолдауында есірткі қылмыстарының алдын алу және оларға қарсы күрестің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды.

Атап айтқанда, трансұлттық есірткі қылмыстарына қарсы күресте қатысушы елдердің құқық қорғау органдарының дерекқорлар базасын бірлестіретін, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу ұсынылды.

Айтылғандай, есірткі бизнесі тек есірткі зат айналымымен ғана шектелмей, миллиардтаған долларлық жасырын экономика, ұйымдасқан қылмыс пен терроризмді қаржыландыратын көз болып табылады. Қазіргі таңда қылмыстық қаржылардың басым бөлігі цифрлық активтер мен офшор аймақтар арқылы жүзеге асырылуда.

Осыған байланысты крипто-биржалар үшін міндетті сәйкестендіру стандарттарын жаһандық деңгейде біріздендіру, офшор юрисдикциялармен міндетті ақпарат алмасуды жолға қою және «белгісіз көзден» келген қаражаттарды автоматты түрде бұғаттау механизмдерін енгізу қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар, заңсыз қаржы қозғалысын бүкіл әлем бойынша автоматты түрде анықтайтын және оны қабылдаған қаржы ұйымдарын қауіп тобына енгізетін «халықаралық цифрлық қара код» жүйесін құру ұсынылды.

Президент синтетикалық есірткі түрлерінің артып келе жатқанын атап өтіп, осы бағытта тұрақты диалог алаңын қалыптастыру, заманауи емдеу әдістері мен стандарттарын бірлесіп әзірлеу қажеттігін айтты.

Сондай-ақ, есірткіге тәуелді адамдарды оңалту бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Орталық Азия наркологтар қауымдастығын құру және оның бас кеңсесін Самарқант қаласында орналастыру ұсынылды.

Жолдауда тағы бір маңызды мәселе — кейбір аймақтарда есірткі өсіру мен тарату экономикалық мүмкіндіктердің шектеулілігі, жұмыс орындарының жетіспеушілігі және әлеуметтік теңсіздік салдарынан сақталып отырғаны айтылды.

Сондықтан нарко-трафик қаупі жоғары аймақтар үшін «арнайы даму бағдарламасын» әзірлеу, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту арқылы халықтың қылмыстық экономикаға тәуелділігін азайтуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау ұсынылды.

Мұндай бағдарламаны тек көмек ретінде емес, халықаралық қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыру қажет екені атап өтілді.

Шараға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Интерпол, Еуропа Одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Дүниежүзілік кеден ұйымы және тағы басқа 20-дан астам беделді халықаралық құрылымдардың өкілдері қатысуда.