Үш жыл бұрын құрылысы басталған Жаңа Ташкент – еліміз тарихындағы ең ірі қала құрылысы жобасы. Қауіпсіз әрі «жасыл» қала ретінде бой көтеріп жатқан аумақта алғашқы кезеңнің өзінде заманауи технологиялық шешімдерге негізделген, жалпы құны 50 миллиард доллар болатын жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Қалада 2 мың гектар жасыл аймақ пен 500 гектар демалыс саябағы жасалады. «Жасыл құрылыс стандарттары» негізінде тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың жалпы ауданы 150 миллион шаршы метрге жетеді.
Осы уақытқа дейін Жаңа Ташкентте 2 миллиард доллардың жұмыстары атқарылды. Тұрғын үйлер, университеттер, кітапхана және амфитеатр салынды. Бүгінгі рәсімде жалпы құны 1 миллиард доллар болатын жеті нысан пайдалануға берілді.
Олардың қатарында «Шарқ бахори» тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңі, жол және инфрақұрылым нысандары, «Янги Тошкент» №1 қосалқы станциясы, тригенерациялық станция, Сауда-өнеркәсіп палатасының ғимараты, «Сохил боғи» демалыс саябағы және 2 мың орындық жалпы білім беретін мектеп бар.
Түркияның «MIMSAN» компаниясының қатысуымен 73 миллион доллар инвестиция есебінен салынған тригенерациялық станция 100 мың үйді орталықтандырылған жүйе арқылы жылытуға және салқындатуға, сонымен қатар электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Ал, Қытайдың «Haocheng Industry Group Limited» компаниясымен бірлесіп салынған қосалқы станция мен жоғары кернеулі электр желілері жобасының құны 95 миллион долларды құрайды.
Сондай-ақ 18 шақырым автомобиль жолы салынып, 13 шақырым кәріз және 4,5 шақырым ауызсу желілері тартылды. Жағалау бойындағы ұзындығы 10 шақырымдық «Сохил боғи» саябағында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары жасалды. «Шарқ бахори» тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңінде шамамен 7 мың пәтер салынды.
Рәсім барысында Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да шетелдік серіктестердің қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллар болатын тағы он ірі жобаның құрылысы басталды.
Олардың бірі – жоғары технологиялық өнімдер мен жартылай өткізгіштер өндіруге маманданған «Deep Tech park» өнеркәсіптік аймағы. Оның құрылысына 320 миллион доллар бағытталады. Алдағы уақытта мұнда жалпы құны 1,7 миллиард доллар болатын жобалар орналастырылады.
Финляндияның «MariMatic» компаниясының қатысуымен қалдықтарды жинау және олардан «жасыл» электр энергиясын өндіру жобасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар көппәтерлі үйлердің шатырларына жалпы қуаты 20 мегаватт болатын фотоэлектрлік жүйелер орнату жоспарланған.
Жаңа Ташкентті елордамен байланыстыру үшін Темур Малик көшесі мен 4R12 автокөлік жолының арасына көпір, жол өткелі және ұзындығы 10 шақырымдық жол салынады. Метро станцияларымен байланысқан жерасты автотұрағын салу да жаңа жобалардың қатарында.
Жалпы ауданы 818 мың шаршы метрден асатын «Metropolis» бизнес-қаласында кеңселер, қонақ үй, тұрғын үйлер және қызмет көрсету нысандары орналасады. Оның 500 мың шаршы метр аумағы бизнеске арналады. Мұнда 1,5 мың адамды жұмыспен қамту көзделген.
Бұдан бөлек, «Silk City», «Мавж» және «Маржон» тұрғын үй кешендері, сондай-ақ 120 орындық Жаңа Ташкент орталық ауруханасы салынады.
Мемлекет басшысы бұл жобалар Жаңа Ташкенттің бизнес, туризм және мәдениет орталығы ретінде қалыптасуына ықпал ететінін атап өтіп, қала құрылысына атсалысып жатқан құрылысшыларға, инженерлерге, жобалаушыларға және шетелдік серіктестерге алғыс білдірді.