Мемлекет басшысы алдымен елімізде білім берудің үздіксіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарлардың тұсаукесерін көрді. «Мектепке дейінгі білім», «Мектептегі білім», «Дарынды оқушылар», «Кәсіптік білім» және «Жоғары білім» павильондарында баланың ерте жасынан бастап кәсіп меңгергенге дейінгі білім беру кезеңдеріндегі реформалар таныстырылған.
Мемлекет басшысы университеттің оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. «Болашақ инженерлер» алаңы, «Bloomberg» зертханасы, физика оқу зертханасы, инженерлік пәндерге арналған оқу залы және «Apple Training Center» оқу орталығында студенттерге жасалған мүмкіндіктер туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар «Idrock» жасанды интеллект кластерінің, биотехнология және биоинформатика зертханасының, материалтану, лазерлік және нанотехнологиялар зертханаларының, сондай-ақ «ADM» машина жасау зертханасының жұмысы таныстырылды. Бұл алаңдар студенттердің теориялық білімін практикалық сабақтармен, зерттеулермен және жобалармен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы университеттің профессор-оқытушылар құрамымен, студенттерімен және халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізу жөніндегі шетелдік серіктестерімен әңгімелесті.
Сапар барысында Президент еліміздің белсенді әрі бастамашыл ұстаздары және жаттықтырушыларымен естелік суретке түсті.