Саммитке әлемнің 90-нан астам елінің мемлекет және үкімет басшылары, жетекші халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының жетекшілері қатысуда.

Өзбекстан басшысы сөзінің басында Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға қонақжайлығы үшін шынайы алғыс білдіріп, Түркия мен Австралияның тең төрағалығымен өтіп жатқан конференцияға жоғары деңгейде дайындық жүргізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Өзбекстан климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі жаһандық күш-жігерді дәйекті түрде қолдап келе жатқанын және өзінің даму моделін «жасыл» технологияларға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға негіздеп отырғанын айтты.

Осы бағытта ел көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер халықаралық қауымдастықтың назарына ұсынылды.

Көміртек шығарындыларын азайту аясында Өзбекстан жалпы ішкі өнім көлеміне шаққандағы парниктік газдар шығарындыларын 35 пайызға қысқарту жөніндегі межесін мерзімінен бұрын орындады. Енді 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу межесі тұр.

Кейінгі он жылда экономикадағы су тұтыну көлемі шамамен екі есе, су көздерінен алынатын су мөлшері бестен бір бөлікке азайды. Суармалы жерлердің 60 пайызында су үнемдеу технологиялары енгізілді.

Жерді қалпына келтіру бағытында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Өзбекстандағы орман алқаптарының көлемі 6 миллион гектарға ұлғайды. Оның үштен бір бөлігі Арал өңіріне тиесілі.

Қалдықтарды басқару стратегиясы да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Өзбекстанның мемлекеттік саясатында жастар мәселесі айрықша орын алатынына да назар аударылды.

– Елімізде балаларға экологиялық тәрбие беру отбасынан, махалла мен мектептен басталады. Жас ұрпаққа суды үнемдеу, ағаштарды күтіп-баптау, қоршаған ортаны таза ұстау балабақшадан бастап үйретіледі, – деді Өзбекстан Президенті.

Еліміздегі әрбір бесінші азаматтың мектеп оқушысы немесе студент екені айтылды. Бұл 2050 жылға қарай Өзбекстан халқының төрттен үш бөлігі табиғатқа жанашырлық рухында тәрбиеленетінін білдіреді.

Президент алдағы бірлескен іс-қимылдарға қатысты көзқарасын білдіре отырып, климат өзгерісіне байланысты мәселелерді ешбір мемлекет жеке өзі шеше алмайтынын атап өтті.

– Орталық Азияда мұздықтардың еруі, су тапшылығы, құрғақшылық сияқты қатерлердің ауқымы артып келеді. Ортақ қауіп-қатерлер өңір мемлекеттерінен бірлескен іс-қимылды талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты өңірлік климаттық интеграция моделін дамыту бастамасы көтерілді. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты үш негізгі сала бойынша өрістету ұсынылды.

Біріншісі – ақпараттық бағыт. Осы орайда Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның қолдауымен климаттық қауіп-қатерлер туралы ақпарат алмасу инфрақұрылымын құру ұсынылды.

Екіншісі – технологиялық бағыт. «Eco Expo» көрмесін өңіріміздің ерекшеліктеріне сай заманауи экологиялық шешімдерді ұсынатын тұрақты инвестициялық және технологиялық алаңға айналдыруға дайын екендігі айтылды.

Үшіншісі – қаржылық бағыт. Жергілікті жағдай мен қажеттіліктерді ескере отырып, тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін даму банктері және нысаналы қорлармен бірлесіп, жеңілдетілген гранттар, сондай-ақ «көгілдір» және «аридтік» қаржыландыру тетіктерін қамтитын жаңа қолдау құралдарын әзірлеу бастамасы ұсынылды.

Сөзінің соңында Президент Шавкат Мирзиёев конференцияға қатысушыларды климаттық интеграция моделін нақты мазмұнмен толықтыруға шақырып, осы өмірлік маңызы бар модельді әлемнің мүдделі өңірлерінде де қолдануды ұсынды.