Құжатта халықтың әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медицина сапасын жақсарту, экономиканы дамыту және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер белгіленген.
Жарлыққа орай, ұлттық бағдарламаларды жүзеге асырудың негізгі мақсаттары – білім мен біліктілікті дамудың басты капиталына айналдыру, халықтың денсаулығын нығайтып, ұзақ өмір сүруін қамтамасыз ету, жоғары технологиялар мен еңбек өнімділігіне негізделген экономиканы дамыту болып табылады.
Білім беру саласында 6 жастағы балаларды мектепке даярлық топтарымен толық қамту, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын құру бойынша қолданыстағы жеңілдіктерді сақтап қалу және олардың тиімділігін бағалау көзделген. Сонымен қатар, барлық жалпы білім беретін мектептерді кезең-кезеңімен халықаралық бағалау бағдарламаларымен қамту белгіленген.
Жоғары білім беру саласында кемінде 10 жоғары оқу орнын беделді халықаралық рейтингтердің үздік 1000-дық оқу орны қатарына енгізу мақсат етілген. Бұдан бөлек, 10 миллион жасты цифрлық индустрия мен болашақ мамандықтарына тарту көзделіп отыр.
Халық денсаулығын қорғау бағытында мемлекеттік шығындарды жалпы ішкі өнімге шаққанда 5 пайызға дейін жеткізу, денсаулық сақтау жүйесінде аурулардың алдын алуға негізделген денсаулықты сақтау моделіне көшу белгіленген. Мамандандырылған медициналық көмек саласында бәсекелестікті күшейту мақсатында әлемдегі кемінде 5 беделді клиниканы тарту да жоспарланған.
Сот тәуелсіздігін нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету аясында құқықтық тәрбие мен құқықтық сауаттылықты жалпы білім беретін мектептерден бастап жүйелі түрде жолға қою, киберқылмыс, есірткіге тәуелділік және адам саудасының алдын алу шараларын күшейту белгіленген. Сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқықтарын кемсітуге қарсы күрес шаралары күшейтіледі.
Жарлықта махаллалардың қоғам дамуындағы рөлін арттыруға да ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларды махаллалардың талаптары мен қажеттіліктері негізінде қалыптастыру, махалланың сұраныстары бойынша 30 күн ішінде негізделген қаулы қабылдау тәртібін енгізу көзделген.
Құжатта белгіленген міндеттер адам қадір-қасиетін арттыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.