Аталған ереже су қоймалары мен оларға іргелес аумақтардағы бос тұрған, ауыл шаруашылығы мақсаттарына арналмаған жер учаскелерінде туристік қызметтерді ұйымдастыру, сондай-ақ туристік және рекреациялық нысандарды орналастыру тәртібін айқындайды.
Ережеге орай, туристік қызметтерді ұйымдастыру кезінде төмендегідей міндетті талаптар сақталуы тиіс:
құтқару қызметін ұйымдастыру немесе кәсіби құтқару құрылымдарымен келісімшарт жасасу арқылы кезекшілік қызметін жолға қою;
шағын көлемді кемелер мен олар орналасатын базаларды (кешендерден) қауіпсіз пайдалану қағидаларын сақтау;
туристік нысандарда пайда болатын тұрмыстық қоқыстарды шығару бойынша қызмет көрсететін ұйымдармен келісімшарттар жасасу және басқа да міндетті талаптарды орындау.
Сонымен қатар, туристік қызметтерді ұйымдастыру барысында цифрлық карталар, онлайн брондау жүйелері, QR-код арқылы жұмыс істейтін навигациялық құралдар және басқа да цифрлық инфрақұрылым енгізіледі.
Туристік нысандарды орналастыру кезінде су қорғау аймақтары, санитариялық қорғау аймақтары, сондай-ақ сел жүру және көшкін қаупі жоғары аумақтар ескеріледі.
Туристік қызметтерді ұйымдастыруға арналған жер учаскелері заңнамада белгіленген тәртіппен электрондық онлайн-аукцион арқылы бөлінеді.