Бұл туралы 5 қараша күні Отбасы және әйелдер комитеті ұйымдастырған баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Атап өтілгендей, Президенттің 2026 жылғы 11 қыркүйектегі PF–193-санды Жарлығы негізінде «Әйелдер дәптері» қоры есебінен көрсетілетін көмек пен қызмет түрлерінің саны 11-ден 18-ге дейін ұлғайтылды. Оның ішінде 6 бағыт бұрынғы тәртіп бойынша сақталып, 5 бағыт жетілдірілді, ал 7 жаңа бағыт енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, әйелдерге хирургиялық операциясыз емделу үшін 22 миллион сумға дейін, ал диагностикалық тексерулерден өту үшін 4,4 миллион сумға дейін қаражат бөлінеді. Операция шығындары мемлекеттік немесе жекеменшік медициналық мекемемен жасалған келісімшарт негізінде өтеледі.
Сондай-ақ тұрғын үйді жөндеуге 22 миллион сумға дейін қаржылай көмек бөлу тәртібі де жетілдірілді.
Жалдамалы пәтерде тұратын әлеуметтік көмекке мұқтаж әйелдерге жалдау ақысының 50 пайызы өтеледі. Бұл ретте аудан және қалаларда 2,2 миллион сумға дейін, ал Ташкент пен Нөкіс қалаларында, сондай-ақ облыс орталықтарында 2,64 миллион сумға дейін қарджы беріледі.
Жаңадан енгізілген 7 бағыттың басым бөлігі әйелдердің өз табыс көзін қалыптастыруына және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасауға бағытталған.
Атап айтқанда:
жеке қосалқы шаруашылық жерінде жылыжай салу үшін — 17,6 миллион сумға дейін;
тұқым, көшет және тыңайтқыш сатып алу үшін — 1,32 миллион сумға дейін;
жер жырту және тегістеу жұмыстарына — 4,4 миллион сумға дейін;
тігіншілік, кондитерлік, қолөнер және тұрмыстық қызмет көрсету салаларына қажетті құрал-жабдықтар сатып алу үшін — 6,6 миллион сумға дейін;
үй мен тамарқа жерін сумен қамтамасыз ету үшін — 17,6 миллион сумға дейін;
агротехникалық және механикаландыру қызметтеріне — 8,8 миллион сумға дейін;
мал шаруашылығы, құс өсіру, қоян өсіру және омарта шаруашылығын бастау үшін — 11 миллион сумға дейін көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар үй жағдайында жұмыс істеу және қолөнермен айналысу үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 22 миллион сумға дейін қаражат бөлінеді.
Тағы бір маңызды жаңалық — Әлеуметтік реестрге енгізілген отбасылардағы белгіленген талаптарға сәйкес келетін әйелдердің немесе екі және одан да көп баланың біреуінің жоғары оқу орнындағы оқу ақысы (келісімшарт төлемі) 50 пайызға дейін өтеледі. Бұл ретте төленетін көмек мөлшері 22 миллион сумнан аспауы тиіс.
Енді бұл мүмкіндік тек күндізгі оқумен шектелмейді, кешкі және қашықтан оқитындарға да қолданылады. Аталған көмек әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға жылына бір рет берілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауында 26,4 миллион сумға дейін грант алу мүмкіндігіне ие болатын қатысушылар қатарына жеке кәсіпкерлер де енгізілді.
Бұл көмектерді кімдер пайдалана алады?
Жаңа тәртіп бойынша 30 жастан асқан әйелдер жұмыссыздық, кәсіпкерлік, тұрғын үй, медициналық-психологиялық және құқықтық көмекке деген қажеттіліктеріне қарай бес санаттың біріне енгізіледі.
Кәсіпкерлікті дамытуға және табыс табуға бағытталған жаңа көмектер негізінен Әлеуметтік реестрге енгізілген, кембағалдыққа ұшырау қаупі бар және басқа да әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардағы 30 жастан асқан әйелдерге арналған.
Сондай-ақ бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету үшін жаңа бағыттар бойынша төлемдер тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерге келісімшарт негізінде тікелей аударылады.
Мәлімет ретінде: «Әйелдер дәптері» жүйесінің 2021–2025 жылдар аралығындағы алғашқы алты кезеңінде 4 миллион 538 мыңнан астам әйелге нақты көмек көрсетілген. Осы мақсаттарға шамамен 7 триллион сум қаражат бағытталған.