Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде халықты сұйытылған газбен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиында мәлім болды.

Жиынға Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Азиз Тошпулатов, министрдің орынбасарлары, аумақтық қызметтердің басшылары, сондай-ақ «Худудгазтаъминот» АҚ мен «LPG-Trade» ЖШҚ өкілдері қатысты.

Министрлік мәліметінше, соңғы бір айда көмір өнімдерін заңсыз сақтау және сату бойынша да 16 жағдай анықталған. Нәтижесінде 333 тонна 540 килограмм көмір тәркіленіп, халықтың қажеттіліктерін өтеу үшін жеткізілген.

Сонымен қатар, осы жылдың қазан айында Самарқант облысындағы «Пастдарғомтумангаз» газбен жабдықтау кәсіпорны қызметкерлерінің халыққа бөлінген газды талан-таражға салып жатқаны анықталған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпорын қызметкерлерінің алдын  ала тіл біріктіріп, арнайы көлік құралдарын пайдалану арқылы тұрмыстық газ баллондарындағы көмірсутек газын иемденгені белгілі болған. Аталған әрекеттер нәтижесінде жалпы құны 32 миллион сум болатын 3 тонна 100 килограмм газ өнімі тәркіленген.

Осы дерек бойынша Самарқант облысы Ішкі істер басқармасы жанындағы Тергеу басқармасы кәсіпорын қызметкерлеріне қатысты Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 167-бабы 2-бөлігінің «в» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Жиында күзгі-қысқы маусым кезінде халық пен әлеуметтік сала нысандарын энергетикалық ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету, газ баллондарын белгіленген кестеге сәйкес жеткізу, сондай-ақ өнімдерді бөлу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.

Жауапты тұлғаларға газ бен көмірді тасымалдау, сақтау және халыққа жеткізу үдерістерін қатаң бақылауға алу, жеткізілімдегі үзілістердің себептерін анықтау, негізсіз төлемдер мен өнімдерді талан-таражға салу фактілерінің алдын алу жөнінде тапсырмалар берілді.