Бұл туралы Қырғызстанның Орталық сайлау және референдум өткізу комиссиясының мәліметіне байланысты 24.kg сайты хабарлады.
Айтылуынша, Жапаров президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш тапсырған. Ол сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысуды жоспарлап отыр.
11 қарашадағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына президенттікке кандидатурасын ұсыну бойынша жеті өтініш келіп түскені хабарланды. Бұған дейін Аймен Касенов, Азамат Есенбеков, Сиймик Жапикеев, Акай Қидиров, Исхак Масалиев және Бактибек Калмаматов та сайлауға қатысу ниетін білдірген.
Қырғызстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну үдерісі 2026 жылғы 13 қарашаға дейін жалғасады. Ал президенттік сайлау 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.
Айта кетейік, Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда сайлаушылардың 79,2 пайыз дауысын жинап, мемлекет басшысы болып сайланған. Сол жылдың 28 қаңтарында президенттік қызметіне кіріскен.
Жапаров сайланған кезде қолданыста болған Конституцияға орай, президенттің өкілеттік мерзімі алты жыл болып белгіленген еді. Алайда 2021 жылы қабылданған жаңа Конституцияда президенттік мерзім бес жылға дейін қысқартылып, бір адамның бұл қызметті екі мерзімнен артық атқаруына тыйым салынды.
Қырғызстан Конституциялық соты Садыр Жапаровтың қолданыстағы алты жылдық өкілеттік мерзімі оның президент ретіндегі алғашқы мерзімі болып есептелетінін растаған. Осылайша, ол алдағы сайлауда президенттік қызметтегі екінші бес жылдық мерзім үшін күресетін болады.