Бүгінде әлемде маңызды минералдар мен металдарға деген сұраныс қарқынды өсіп келеді. Атап айтқанда, дәстүрлі металдарға сұраныс жылына орта есеппен 1 пайызға артса, маңызды минералдар нарығында бұл көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Осыған орай елімізде де қолда бар минералдық-шикізат қорын тиімді пайдалану, қосылған құны жоғары өнім өндіру және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Таныстырылымда алдымен «Өзбекстан технологиялық металдар комбинатының» қызметі мен оны дамыту жоспары қаралды.

Комбинатта геологиялық барлау жұмыстарынан бастап кен өндіру, байыту, терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толық технологиялық тізбекті қалыптастыруға ерекше мән берілуде.

Жыл соңына дейін 12 инвестициялық жобаны іске қосу, жергіліктендірілген өнім түрлерін көбейту, жоғары тазалықтағы селен мен теллур өндіру көлемін ұлғайту жоспарланған.

Мемлекет басшысы маңызды минералдарға қатысты перспективалы жобаларды жеделдетіп, қазіргі бес түрлі өнімге (вольфрам, молибден, селен, теллур, рений) қосымша тағы 11 түрлі өнім (никель, кобальт, графит, сүрме, қалайы, марганец, платина, ванадий, сынап және мыс) өндіруді игеру міндетін жүктеді. Сонымен қатар салаға ғылым жетістіктерін кеңінен тарту және тағы да минералдық қорларды анықтау қажеттігін атап өтті.

Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін 16 түрлі маңызды металл өндіру көлемін 2,7 миллиард доллардан асыру көзделген.

Әсіресе, вольфрамды терең өңдеуге бағытталған ірі жобалар әзірленген. Оларды жүзеге асыру үшін 1,1 миллиард доллар инвестиция тарту, ал 2030 жылға қарай осы бағыттағы өндіріс көлемін шамамен 2,2 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ сирек және сирек жер элементтеріне бай перспективалы кен орындарын игеру, комбинаттың ресурстық базасын кеңейту және инвестициялық жобаларды жеделдету жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Таныстырылымда «Навоийуран» кәсіпорнының биылғы қызметі мен өндірісті дамыту жоспары да талқыланды.

Кейінгі жылдары әлемдік нарықта уран шикізатына сұраныс 15–20 пайызға артқан. Ал 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш тағы 28 пайызға өседі деп күтілуде.

Мұндай жағдайда елімізде уран өндіру көлемін ұлғайту, жаңа кен орындарын игеру, өндіріс тиімділігін арттыру және уран өнеркәсібін қажетті ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету айрықша маңызға ие.

Осыған орай биыл геологиялық барлау мен технологиялық бұрғылау жұмыстарын кеңейту, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, қосымша сорбциялы қондырғыларды іске қосу және 250 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Кәсіпорынның өндіріс көлемін арттыруда қажетті химиялық реагенттермен қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы кооперацияны күшейту, техникалық күкірт, күкірт және азот қышқылдарын жеткізу көлемін ұлғайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысы өндірісте баламалы технологияларды қолдану аясын кеңейтіп, 2030 жылға дейін күкірт қышқылын алмастыратын реагенттердің үлесін 40 пайызға жеткізу қажеттігін атап өтті.

Жалпы, осы шаралар мен жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу есебінен 2030 жылға қарай уран өндіру көлемін биылғы 7,5 мың тоннадан 15 мың тоннаға, ал анықталған қор көлемін 200 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Таныстырылым соңында жауапты тұлғаларға инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыру, кәсіпорындардың минералдық-шикізат базасын нығайту, жаңа технологиялық қуаттарды іске қосу, қосылған құны жоғары өнім өндіру және экспорт көлемін арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.