Сонымен қатар медициналық ақпаратты табу, түсіну және оны іс жүзінде қолдану оңайырақ болған адамдар, әдетте, стрессті аз сезінетіні анықталды. Зерттеушілердің пікірінше, бірнеше созылмалы ауруы бар адамдарға қолдап-қуаттауда тек олардың медициналық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетімен қатар, стресске жеке сезімталдығын да ескеру қажет, деп жазды remedium.ru.
Зерттеу барысында үш топ салыстырылған. Бірінші топқа созылмалы ауруы жоқ адамдар, екінші топқа бір созылмалы ауруы бар адамдар, ал үшінші топқа екі немесе одан да көп созылмалы ауруы бар адамдар енгізілген.
Үш топтың барлығында да жоғары стресс деңгейі өмір сапасының төмендеуімен байланысты болған. Бұл заңдылық жас, жыныс, білім деңгейі, жұмыспен қамтылу жағдайы және қаржылық мүмкіндіктер сияқты факторлар ескерілгеннен кейін де сақталған. Созылмалы аурулардың саны артқан сайын бұл байланыс та күшейе түскен.
Аталған құбылыс екі немесе одан да көп созылмалы ауруы бар науқастар арасында айқын байқалған. Атап айтқанда, оларда қабылданатын стресс пен өмір сапасының төмендеуі арасындағы байланыс созылмалы аурулары жоқ адамдармен салыстырғанда шамамен екі есе күшті болған.
Дегенмен зерттеу нәтижелері статистикалық байланысты ғана көрсететінін, ал себеп-салдарлық байланысты нақты анықтауға мүмкіндік бермейтінін атап өткен жөн.
«Бірнеше аурудың қатар жүруі дәрігерлерге жиі қаралуды, дәрі-дәрмектерді қабылдауды және әртүрлі мамандардан алынған медициналық ақпаратты өзара үйлестіруді қажет етуі мүмкін. Алынған нәтижелер бірнеше созылмалы ауруы бар адамдардың өмір сапасын бағалау кезінде олардың стресс деңгейіне көбірек назар аудару қажеттігін көрсетеді», – дейді зерттеу авторлары.