1997 жылы іске қосылған зауыт еліміздің отын-энергетика саласында маңызды орын алады. Кәсіпорын жылына 2,5 миллион тонна мұнай мен газ конденсатын өңдеуге қауқарлы. Мұнда автомобиль бензині, дизель отыны, авиациялық керосин және мұнай өнімдерінің өзге де түрлері өндіріледі. Зауытта 3,2 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Таныстырылымда кәсіпорынның өндірістік және қаржылық көрсеткіштері туралы ақпарат берілді. Биылғы жылдың тоғыз айында 1,5 миллион тоннадан астам шикізат өңделіп, 1,5 миллион тоннаға жуық мұнай өнімі өндірілген. Таза пайда 2,2 триллион сумды құраған.

Жыл соңына дейін шикізат өңдеу көлемін 2,17 миллион тоннаға, ал мұнай өнімдерін өндіруді 2,12 миллион тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Кәсіпорынды дамытудың басым бағыттарының бірі – өндірісті жаңғыртып, сапасы жоғары отын түрлерін шығаруды игеру.

Атап айтқанда, зауытта Еуро-5 экологиялық стандартына сай келетін АИ-92 және АИ-95 маркалы автомобиль бензинін өндіруді жолға қою жөнінде құны 328 миллион доллар болатын жоба әзірленген. Жоба аясында қолданыстағы технологиялық үдерістерді жетілдіру және жаңа өндірістік қондырғылар салу көзделген.

Жоба жүзеге асқан жағдайда жылына Еуро-5 стандартына сай 1,1 миллион тонна автомобиль бензинін өндіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар импортталатын отын қоспаларына жұмсалатын шығыннан жылына 150 миллион долларға дейін үнемделіп, 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жоспар бойынша жоба 2029 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады.

Таныстырылымда зауыттың өндірістік қуатын одан әрі арттыруға бағытталған перспективалы жоба да қаралды.

Алдын ала есептеулерге сәйкес, құны 1,8 миллиард доллар болатын бұл жоба аясында мұнай өңдеудің заманауи әдістері мен мұнай-химия технологияларын енгізу, жаңа технологиялық қондырғылар салу жоспарланған.

Нәтижесінде зауытта өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы жылдық көлемін қазіргі 2,1 миллион тоннадан 4,6 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік туады. Атап айтқанда, автомобиль бензинін өндіру көлемі 2,7 миллион тоннаға, дизель отыны 1,24 миллион тоннаға, авиациялық керосин 500 мың тоннаға жеткізілмек.

Сонымен бірге бензол және басқа да мұнай-химия өнімдерін өндіруді игеруге, шикізатты терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығару мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашылады.

Жобаны жүзеге асыру үшін Қытай, Франция, АҚШ және Әзербайжанның жетекші технологиялық компанияларымен ынтымақтастық орнату көзделген. Құрылыс жұмыстарын 2028 жылы бастау жоспарланып отыр.

Таныстырылым барысында жобалардың экономикалық тиімділігіне, заманауи технологияларды тартуға, өндірістік қуаттарды толық пайдалануға, сондай-ақ сапалы әрі бәсекеге қабілетті мұнай өнімдерінің өндірісін кеңейтуге айрықша назар аударылды.