Жасөспірімдер спорттық жарыстардың нәтижелерін болжау арқылы ақша тігіп, тәуекелге баруда. Мұндай әуестік көбіне ауыр тәуелділіктің қалыптасуына әкеледі.
Қазіргі жасөспірімдер құмар ойындары смартфондарында тікелей қолжетімді болатын ортада өмір сүріп жатыр. Екі мыңға жуық жасөспірім арасында жүргізілген сауалнамаға орай, респонденттердің 52,5 пайызы соңғы 12 ай ішінде қандай да бір бәс тіккен. Зерттеу нәтижелерін АҚШ-тағы Ратгерс университеті жариялады, деп хабарлайды science.mail.ru.
Жастар дәстүрлі лотереялар мен спорттық бәс тігуден бөлек, жаңа қаржылық құралдарды да белсенді меңгеріп жатыр. Әңгіме криптовалютамен трейдинг жасау және болжам базары туралы болып отыр. Бұл платформаларда пайдаланушылар әлемдегі түрлі оқиғалардың нәтижесіне де ақша тігеді.
Шамамен әрбір оныншы жасөспірім ойыншыдан құмар ойындарға тәуелділіктің даму қаупі жоғары екенін көрсететін белгілер анықталған. Бұл көрсеткіш ересектер арасындағы статистикадан айтарлықтай ерекшеленбейді. Сонымен қатар тәуелділік қаупі ұлдар мен қыздар арасында бірдей деңгейде тіркелген.
Әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
Отбасының ықпалы: балалар тәуекелге баруды қайдан үйренеді?
Мамандар мұндай қауіпті әдеттің қалыптасуында қоршаған ортаның ықпалы зор деп есептейді. Бір назар аударарлығы, проблемалық мінез-құлық байқалған жасөспірімдердің басым бөлігі отбасы мүшелерімен бірге құмар ойындар ойнағанын мойындаған. Оның үстіне, олардың көпшілігінің жақын туыстары мен айналасында да құмар ойындарға әуес адамдар бар. Бұған қоса, әлеуметтік желілердегі агрессивті жарнама жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.
Алгоритмдер пайдаланушыларға бәс тігуге қатысты контентті белсенді түрде ұсынады, ал танымал блогерлер ойын платформаларын жарнамалауды жалғастыруда.
Зерттеушілер құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу тәсілдерін қайта қарауға шақырады. Олардың айтуынша, қарапайым ойын-сауық, қаржылық инвестициялар және интернеттегі қауіпті құмар ойындардың арасындағы шекара барған сайын нәзік болып барады.
Бұған дейін зерттеушілер миллиондаған жасөспірімнің ойын ішіндегі ақылы сатып алулардың тұзағына түскенін анықтаған болатын.