Бұл туралы «Дунё» ақпарат агенттігі хабарлады.
Мәліметке орай, Өзбекстан сыртқы істер министрінің орынбасары Олимжон Абдуллаев Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі ЕралыТоғжановпен кездесті.
Келіссөздер барысында Өзбекстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, екі ел арасындағы өзара қатынауды жеңілдету, сондай-ақ мемлекеттік шекарадан өту кезінде кездесетін кедергілерді жою мәселелері қаралды.
Атап айтқанда, азаматтардың екі ел арасындағы сапарларын оңайлату, соның ішінде мемлекеттік шекарадан ID-карта арқылы өту мүмкіндігі жөнінде пікір алмасылды. Сонымен қатар Қазақстанда енгізіліп жатқан «ҚазETA» электрондық кіруге рұқсат беру жүйесі аясында Өзбекстан азаматтарына белгілі бір жеңілдіктер беру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, өзбекстандықтарды Қазақстанда ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыру, осы бағыттағы шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және екі ел аумағында азаматтардың болуы үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері де талқыланды.
Кездесу қорытындысында тараптар диалогты жалғастыруға және келісілген бағыттар бойынша іс жүзіндік ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.