Мемлекет басшылары Анкара қаласындағы «Бештепа» кешенінде Түркі мемлекеттері өркениеті бағын салтанатты түрде ашты.
Бақта ұйымдастырылған түркі мемлекеттерінің павильондарында дәстүрлі киіз үйлер мен халықтық қолданбалы өнер туындыларының үлгілері ұсынылған. Олар түркі халықтарының бай тарихи-мәдени және сәулет мұрасын, ғылым мен ағарту саласындағы жетістіктерін, өзіндік дәстүрлері мен қазіргі кезеңдегі даму үрдістерін бейнелейді.
Мемлекет басшылары түркі халықтарының жазба ескерткіші саналатын көне Орхон жазбаларының көшірмесімен танысты. Сондай-ақ осы жерде ұлттық ойындар ұйымдастырылып, садақшылар мен тарихи киім киген жауынгерлердің өнер көрсетуі өтті. Бұдан кейін мемлекет басшылары емен көшеттерін отырғызды.
Мұндай бастамалар тарихи жад пен мәдени мұраны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ рухани құндылықтары мен дәстүрлері ортақ халықтар арасындағы бауырластық байланыстарды одан әрі нығайтуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Содан соң көшбасшылар «Malazgirt» орталығына барды. Оның атауы түркі халықтарының тарихында маңызды орын алатын 1071 жылғы 26 тамызда болған Малазгирт шайқасына байланысты қойылған.
Жоғары мәртебелі қонақтарға ат спорты шеберлері, акробаттар мен каскадёрлер, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттерден әкелінген жылқылардың қатысуымен эпикалық қойылым көрсетілді.