Заң жобасы парламент мәжілісінде бірінші оқылымда қаралды. Құжат судьялардың мәртебесін жеке заң деңгейінде айқындауға және сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға бағытталған.

Жобаға сәйкес, судьялар мен халық кеңесшілері үшін жас шегін 35 жастан 30 жасқа дейін төмендету ұсынылып отыр.

Сондай-ақ судьяны ең алдымен 5 жыл мерзімге, кейіннен мерзімсіз кезеңге тағайындау тәртібін енгізу көзделуде. Судья, сот төрағасы және төраға орынбасары лауазымдарына қойылатын талаптарды да күшейту жоспарланған.

Заң жобасында судьялар мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауға қатысты нормалар да қамтылған.

Тағы бір жаңалық – ұлттық заңнамаға «отставкадағы судья» институтын енгізу ұсынылуда. Оған басқа құқықтармен қатар, кәсіби медиаторлық қызметпен айналысу құқығын беру көзделген.

Бұдан бөлек, Жоғарғы сот пен төменгі соттар аппараттарының жұмысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған нормалар да қарастырылған.

Талқылау барысында депутаттар судьялардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтудің, сондай-ақ сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Мәжілістің қорытындысы бойынша заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Құжат екінші оқылымға дайындалу барысында депутаттар білдірген ұсыныстар мен ұсынымдар негізінде жетілдіріледі.