Бұл туралы Ташкент әкімдігі хабарлады.

Мәліметтерге сәйкес, адамдар көп жиналатын орындар маңындағы ретсіз автотұрақтар қазіргі таңда негізгі мәселелердің біріне айналған. Автокөліктердің жаяу жүргіншілер жолдарында, өткелдерде және ғимараттарға кіреберістерде қалдырылуы қозғалыс қауіпсіздігін төмендетіп, өту мүмкіндігін шектейді.

Жоба жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды, сондай-ақ автотұрақ алаңдарын жүйелі түрде ретке келтіруді көздейді.

Оған сәйкес, сауда және қызмет көрсету нысандары жанындағы жеке меншік жер үсті автотұрақтары қаланың бірыңғай басқару жүйесіне қосылады. Бұл бос және бос емес орындарды ашық есепке алуға, бақылауды күшейтуге және пайдалануды түсінікті жүйеге келтіруге мүмкіндік береді.

Орталық тарапынан бірыңғай ережелер енгізіліп, жүйелі бақылау қамтамасыз етіледі және осы арқылы ретсіздіктерді жою көзделіп отыр.

Жоба әзірге пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Кейіннен оның тиімділігі бағаланып, қоғамдық пікір негізінде ауқымын кеңейту мәселесі қаралады.

Сонымен қатар, осы бастама аясында қосымша қаржылық көз қалыптастырылып, түскен қаражат жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.

Мәліметтерге орай, қаланың белсенді аймақтарында автокөліктердің 20–30 пайызы ережені бұзып тоқтайды. Бұл жаяу жүргіншілер жолдарының өткізушеңдігін 40–60 пайызға дейін төмендетеді. Сондай-ақ, кептелістердің 30–40 пайызы дәл осы тұрақ орнын іздеумен байланысты.

Әлемдік тәжірибе де цифрлық және орталықтандырылған басқарудың тиімді екенін көрсетеді. Атап айтқанда, SFpark бағдарламасы мен Мәскеу тәжірибесі мұндай тәсілдің қозғалысты жеделдетуге, құқық бұзушылықтарды азайтуға және қалалық ортаны жақсартуға ықпал ететінін дәлелдеген.

Жалпы алғанда, бұл жоба жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыруға, қозғалысқа қатысушылар арасындағы қайшылықтарды азайтуға және тұрақты әрі реттелген қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған кешенді тәсіл болып табылады.