Мемлекет басшысы комбинат ұжымын, еңбек ардагерлері мен шетелдік серіктестерді осы маңызды оқиғамен құттықтады.

Айтылғандай, соңғы жылдары республикада тау-кен металлургиясы саласын жаңа технологиялық деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылып келеді.

Кейінгі он жылда салаға шамамен 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылып, 31 ірі өндірістік қуат іске қосылды. Жекеменшік секторға кең мүмкіндік берілуінің нәтижесінде саладағы кәсіпорындар саны 150-ден асты.

Осы кезеңде жергілікті металл өнімдерінің жылдық өндірісі 3 миллион тоннаға, ал оның құны 23 триллион сумға жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2016 жылы 800 мың тонна, құны 1,5 триллион сум болатын өнім өндірілген.

Мемлекет басшысы металлургтердің еңбегі Жаңа Өзбекстанның заманауи келбетін қалыптастыруда, ауқымды құрылыс жұмыстарын жүзеге асыруда және экономиканың түрлі салаларын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ел экономикасын технологиялық әрі инновациялық даму моделіне көшіру және 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнім көлемін 240 миллиард АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр.

Алдағы бес жылда экономикаға 180 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тарту, құны 27 миллиард АҚШ долларын құрайтын әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ 800 мың пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлер салу жоспарланған.

Мұндай ауқымды міндеттер металл өнімдеріне деген сұранысты қазіргі деңгеймен салыстырғанда 1,5 есеге арттырады.

Осы тұрғыда 5,5 мыңнан астам қызметкері бар Өзбекстан металлургия комбинатының айрықша маңызға ие екені атап өтілді.

Жаңа құю-прокат кешені комбинатта энергия үнемдейтін технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуге, еңбек өнімділігі мен өнім сапасын арттыруға жол ашатын жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.

Аталған кешен Өзбекстанда ыстықтай илемделген болат табақтарын өндіретін алғашқы жоба ретінде тарихқа енеді.

Кешен іске қосылғаннан кейін жыл сайын құны 8 триллион сум болатын 1 миллион тонна ыстықтай илемделген болат табақ өндіріледі. Соның нәтижесінде Ташкент пен Самарқанд металлургия зауыттарының илемделген болатқа деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 1 200 жоғары жалақылы жаңа жұмыс орны ашылады.

Мемлекет басшысы кешеннің құрылысына атсалысқан құрылысшыларға, инженерлерге, технологтар мен машинистерге, жұмысшыларға, еңбек ардагерлері мен шетелдік серіктестерге алғыс білдірді.

Салтанатты рәсім барысында Өзбекстан металлургия комбинатын одан әрі дамытуға арналған алдағы жоспарлар да айқындалды.

Комбинаттың шикізатқа деген сұранысын жергілікті ресурстар есебінен қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі болатыны атап өтілді. Бүгінде ел аумағында 1,5 миллиард тонна темір кені қоры бар.

Алдағы үш-төрт жыл ішінде «Тебинбұлақ» кен орнын іске қосу арқылы жылына 1 миллион тонна болат өндіру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «Сурун-ата» кен орнындағы кенді байыту нәтижесінде жыл сайын 600 мың тонна темір шикізатын өндіру жолға қойылады. Бұл шикізатты өңдеу үшін комбинат аумағында құны 180 миллион АҚШ долларын құрайтын заманауи металлургия зауытының құрылысы басталады.

Келесі үш жылда 30 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция есебінен болат шарларын өндіретін желілер кезең-кезеңімен жаңғыртылып, олардың өндірістік қуаты жылына 250 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін ұлғайтылады.

Бұдан бөлек, комбинат аумағында «Өзбекстан экологиялық технологиялар индустриялық паркі» құрылады.

Президент металлургияның ауыр болғанымен, аса жауапты әрі құрметті сала екенін атап өтіп, комбинат қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жоғары құрметке лайық екенін айтты.

Ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорында ұстаз бен шәкірт сабақтастығы негізінде еңбек етіп жүрген мамандардың білімі, тәжірибесі мен кәсіби әлеуеті көптеген еңбек ұжымдары үшін үлгі екені ерекше аталып өтті.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы символикалық түймені басып, жаңа құю-прокат кешенінің жұмысын ресми түрде іске қосты.

Салтанатты рәсімнен соң сала ардагерлерімен, комбинат қызметкерлерімен және шетелдік серіктестермен әңгімелесу өтті.