Пекин қаласында
Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов пен Қытай Мемлекеттік кеңесінің
вице-премьері, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының
мүшесі Лю Гочжун арасында кездесу өтті. Тараптар Қытай—Өзбекстан үкіметаралық ынтымақтастық
комитетінің 8-жиналысына да қатысты.
Келіссөздер
барысында Өзбекстан мен Қытай арасындағы қатынастардың соңғы жылдары дәйекті
дамып келе жатқаны, ал жоғары деңгейдегі диалогтар практикалық ынтымақтастықты
кеңейтуге қызмет етіп отырғаны атап өтілді.
Абдулла Арипов
Өзбекстан Қытайды ұзақ мерзімді әрі сенімді стратегиялық серіктес ретінде
бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, Ташкент екі мемлекет басшылары белгілеп берген басым
бағыттар негізінде саяси сенімді нығайтуға және практикалық ынтымақтастықты
одан әрі кеңейтуге мүдделі.
Кездесуде
сауда-экономикалық байланыстар, инвестициялар, энергетика, көлік, ауыл
шаруашылығы, ғылым –білім және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты
дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы
аясындағы бірлескен жобаларды жандандырудың маңыздылығы атап өтілді.
Премьер-министр
Өзбекстанның «біртұтас Қытай» қағидатына берік екенін тағы бір рет растады.
Сонымен бірге, ол Қытай төрағасы Си Цзиньпин алға тартқан жаһандық бастамаларды
жүзеге асыруда ынтымақтастық жасауға дайын екенін білдірді.
Тараптар екі
мемлекет халықтарының мүдделеріне қызмет
ететін ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және көпжақты үйлестіруді күшейту
маңызды екенін атап өтті.