Ең алдымен, кешегі журналистика қандай болды деген сұраққа жауап беруден бастайық. Дәстүрлі журналистика кезеңінде, біріншіден, ақпарат көздері шектеулі еді. Атап айтқанда, газет, радио және телевидение негізгі ақпарат таратушы құралдар саналған. Екіншіден, журналист тек ақпаратты жинау, қайта өңдеу, редакциялау және аудиторияға жеткізу міндетін атқарумен шектелді. Мұндай жағдайда ақпарат ағынының біржақтылығы байқалатын. Себебі ақпарат тапшылығы, кәсіби редакциялық бақылау, баспа басылымдарының үстемдігі және аудиторияның ақпаратты пассив қабылдауы басым болды. Бір сөзбен айтқанда, бұрын журналист тек оқиғаларды жеткізумен шектелсе, бүгінде ол оқиғаларды түсіндіру, талдау және аудиторияны ақпараттық шабуылдардан қорғау міндетін де атқарып отыр.

Өткен ғасырларда ақпарат жетіспеушілігі проблемасы болған болса, қазір ақпараттың шамадан тыс көптігі проблемаға айналды. Өйткені әрбір смартфон иесі белгілі бір деңгейде контент жасаушыға айналды, кез келген мәліметті қалаған түрде, қалаған жерге жеткізу мүмкіндігіне ие. Демек, кез келген азамат ақпарат таратушыға айналды. Сондықтан журналист енді тек ақпарат таратумен шектелмей, шындықты жалғаннан ажырату жауапкершілігін өз мойнына алып отыр.

Бір сөзбен айтқанда, ХХ ғасыр журналисті ақпарат жеткізсе, ХХІ ғасыр журналисті ақпаратты іріктейді, тексереді, талдайды және түсіндіреді.

Тағы бір маңызды мәселе бар, ол – журналистиканың негізгі капиталы сенім. Егер аудитория қай хабардың рас, қайсысының жалған екенін ажырата алмаса, бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім төмендейді. Қазіргі кезде кейде тіпті шынайы хабардың өзі күмәнмен қабылдануда. Медиа зерттеушілер бұл құбылысты «ақпараттық сенімсіздік» немесе «ақпараттық тәртіпсіздік» (information disorder) деп атайды. Аудиторияның сенімді әрі тексерілген ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру үшін соңғы уақытта журналистің жаңа миссиялары қалыптасып келеді. Олар: фактчекинг жүргізу; аналитикалық бағытта жұмыс істеу; медиа сауаттылықты насихаттаушыға айналу; қоғам мен мемлекет арасындағы диалог көпірі қызметін жауапкершілікпен атқару.

Бұрын журналистиканың басты қарсыласы цензура деп айтылса, қазіргі уақытта журналистика үшін ең қауіпті қауіп – дезинформация болып отыр. Шын мәнінде, дезинформация ұлттық және жаһандық ақпараттық қауіпсіздікке әсер ететін факторлардың бірі ретінде бағалануда. Сонымен қатар оның таралу жылдамдығы да артты. Себебі цифрлық платформалардың алгоритмдері эмоциялық және сенсациялық контентті жылдамырақ таратады. Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, адамдар таңданыс, қорқыныш немесе ашу тудыратын жаңалықтарды көруге және бөлісуге көбірек бейім болады. Сондықтан жалған ақпарат кейде шынайы ақпаратқа қарағанда әлдеқайда тез таралады.

Бұл жағдай журналистерден фактчекинг міндеттерін дұрыс орындауды талап етеді.

Қазіргі кезде жалған жаңалықтар, деепфаке технологиялары; манипуляциялық контент; және назар аударту үшін болатын өткір бәсеке — медиа кеңістіктегі ең үлкен қатерлер болып саналады. Бұрын фото немесе видео белгілі бір оқиғаның қуатты дәлелі ретінде қабылданатын. Бүгінде жасанды интеллект көмегімен адамның дауысы, бет әлпеті және қимыл-қозғалыстары шындыққа өте жақын түрде қолдан жасалуы мүмкін. Соның салдарынан журналистикада ұзақ жылдар бойы қолданылып келген «көрдім – демек бұл шындық» деген қағида жеткіліксіз болып қалуда. Енді кез келген фото, бейне немесе аудио материал қосымша тексеруден өткізілуі қажет.

Сонымен қатар қазіргі уақытта жасанды интеллект барлық салалардағы сияқты журналистикаға да көмек көрсетуде. Ол үлкен көлемдегі мәліметтерді талдай алады, аударма жасайды, транскрипция жүргізеді және техникалық тапсырмаларды орындайды. Алайда шындықты түсіну, оқиғаларды бағалау және этикалық шешім қабылдау міндеті бәрібір адамның еншісінде қалады.

Дәстүрлі журналистикада негізгі міндет ақпарат жеткізу болса, бүгінде журналист – фактілерді тексеруші, мәліметтерді верификациялаушы, дереккөздерді бағалаушы, медиа сауаттылықты қалыптастырушы маманға айналып отыр. Сондықтан ХХІ ғасырда журналистің ең маңызды қабілеті жеделдік емес, шындықты жалғаннан ажырата білу екендігін айтуға болады.

Өткен ғасыр журналистикасының негізгі мәселесі ақпарат тапшылығы болса, бүгінгі күннің басты мәселесі – ақпараттың шынайылығын анықтау. Deepfake пен дезинформация жағдайында журналист тек ақпарат таратушы емес, шындықты қорғаушы маманға айналуда.

Қорыта айтқанда, заман өзгереді, адамдар өзгереді, технологиялар мен платформалар да өзгереді, бірақ журналистиканың негізгі қағидаты мен міндеті өзгермейді. Ол әрдайым шындықты іздеуге, қоғам мүддесін қорғауға және адамдар арасындағы сенімді нығайтуға қызмет етеді. Өйткені журналистика – жай ғана сала емес, қоғамдық сенімді қорғайтын әлеуметтік институт. Егер қоғам шындықты есту және көру мүмкіндігін жоғалтса, дұрыс шешім қабылдау мүмкіндігін де жоғалтады. Сондықтан журналистиканың болашағы шынайылыққа, жауапкершілікке және кәсібилікке байланысты.

Злиха Оразимбетова,
филология ғылымдарының докторы, профессор.