Бүгінде цифрлық технологиялар өміріміздің барлық саласына терең еніп жатқан кезеңде ақпараттық жүйелерді, маңызды инфрақұрылымды және жеке деректерді қорғау мәселесі барған сайын өзекті бола түсуде.

Киберқауіпсіздік енді тек мамандардың қызметіне қатысты сала ғана емес, мемлекеттер, бизнес өкілдері және тұтас қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің біріне айналды. Мұндай жағдайда халықаралық тәжірибе алмасу, заманауи қатерлерге қарсы тиімді шешімдерді талқылау және білікті мамандардың әлеуетін арттыру айрықша маңызға ие.

Биыл 5–7 қазан күндері Ташкент қаласында өткізілген «Киберқауіпсіздік саммиті – Орталық Еуразия, CSS 2026» халықаралық шара да дәл осы мақсаттарға қызмет етті. Киберқауіпсіздік орталығы мен Ұлыбританияның «Dialogue Events» компаниясының ынтымақтастығымен ұйымдастырылған іс-шара аймақтық және халықаралық киберқауымдастық өкілдерін бір алаңға жинады. Оған 30 мемлекеттен  600-ден астам делегат қатысып, салаға қатысты бірқатар баяндамалар мен таныстырылымдарды тыңдады.

Талқылаулар барысында жаһандық киберқауіптердің өзгермелі сипатына, маңызды инфрақұрылымды қорғауға, бизнес активтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және цифрландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға баса назар аударылды.

Заманауи кибершабуылдар мемлекеттік шекаралармен шектелмейді. Бір аймақта пайда болған осалдық немесе жасалған шабуыл басқа елдер мен ұйымдардың қызметіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және өзара үйлестірілген әдістерді дамыту маңызды.

Саммитке қатысқан Францияның «Expertise France» ұйымы Бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік департаменті директорының орынбасары Бенедикт Борель де аймақтық ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасудың маңызын ерекше атап өтті.

– Біз іс-шара барысында Өзбекстан мен Орталық Азияның басқа елдерінде киберқауіпсіздік бағытында жүзеге асырып жатқан жобаларымыздың тәжірибесін ұсындық. Бұл – саммитке екінші рет қатысуымыз. Өзбекстанның осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыра алғаны, мұнда киберқауіпсіздік пен заманауи шешімдердің талқыланып жатқаны қуантады, – деді Бенедикт Борель.

Оның айтуынша, Еуропа мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық түрлі елдердің тәжірибесі мен білімін біріктіруге мүмкіндік береді. Бір елде тиімді нәтиже берген шешімді басқа мемлекеттің жағдайына бейімдеуге болады. Өйткені киберқауіпсіздік мәселелері жаһандық сипатқа ие және оларға қарсы тиімді күресу үшін ынтымақтастыққа негізделген ортақ жанасу қажет.

Әзербайжан Республикасы Цифрлық даму және көлік министрлігі жанындағы Ұлттық киберқауіпсіздік агенттігінің өкілі Элман Мурадов та саммитке қатысу мүмкіндігіне ие болғаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Агенттігімізге көрсетілген құрмет пен шынайы шақыруы үшін Өзбекстанның Киберқауіпсіздік орталығына алғыс айтамыз. Мұндай іс-шараға қатысу Орталық Азиядағы және одан тыс жерлердегі әріптестерімізбен пікір және тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік береді, – деді Элман Мурадов.

Саммит аясында “Cyberkent 4.0” жарыстары да болып өтті. Оған қатысушылар теориялық білімдерін практикалық тапсырмалар арқылы сынақтан өткізіп, өзара бәсекелестік пен тәжірибе алмасу барысында кәсіби шеберліктерін көрсетті. Халықаралық саммиттің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болған бұл жарыс киберқауіпсіздік саласындағы білім мен дағдыларды практикалық жағдайда сынауға, дарынды мамандарды анықтауға және жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

“Cyberkent 4.0-тің”  Red team (шабуылдаушы топ), Blue team (қорғаушы топ), ашық тапсырмалар, “CyberQuiz” викторинасы, Bug Bounty, Cybermergan және “Cybermuloqot” семинар-тренингі сияқты жеті бағыты қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Командалар кибершабуылдарды анықтау, жүйелерді қорғау және қолданыстағы осалдықтарды табу секілді тапсырмаларды орындады. Жарыстың халықаралық деңгейде өткізілуі оның маңызын одан әрі арттырды.

– Киберқауіпсіздік қатерлері трансшекаралық ерекшелікке ие, – дейді Беларусь өкілі Алексей Цембалов. – Сондықтан Ташкент секілді алаңдарда тәжірибе алмасу, біліміміз бен дағдыларымызды көрсету және басқа елдерден келген әріптестермен пікірлесу өте маңызды. Биылғы жарыстарға екі командамен қатыстық. Бұл командаларымыз үшін өз әлеуетін көрсетуге, жаңа тәжірибе жинақтауға және басқа мамандармен кәсіби байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.

“Enerso” компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бойынша  басшысы (CISO) Қуёшбек Мирзакамолов саммитке екінші рет қатысып отырғанын айтып, мұндай іс-шаралардың саланы дамытудағы маңызына тоқталды.

– Бүгінде киберқауіпсіздік саласын жаңа деңгейге көтеру, мамандарды бір алаңға жинау және әсіресе жасанды интеллект дамып жатқан кезеңде пайда болатын қатерлерге лайықты жауап беру өте маңызды. Мұндай іс-шаралар сала өкілдеріне өзара пікір алмасуға және бірлесіп шешім іздеуге мүмкіндік береді.

Қуёшбек Мирзакамолов “Cyberkent 4.0” жарыстарының практикалық қырларына да ерекше назар аударды. Оның пікірінше, “Red team” және “Blue Team” командаларының шынайы жағдайларға барынша жақын сценарийлер бойынша бәсекеге түсуі мамандар үшін пайдалы тәжірибе мектебі болып саналады. Өйткені бұл үдерісте қорғаныс механизмі сынау, осалдықтарды анықтау және туындауы ықтимал қатерлерге дайын тұру дағдылары дамиды.

Ашық тапсырмалардың  “CTF Master” бағыты қатысушылардың техникалық білімдері мен өзекті мәселелерді шешу дағдыларын сынақтан өткізсе, “The AI Underworld” бағыты жасанды интеллектпен байланысты қатерлер мен шабуыл сценарийлерін талдауға арналды. Ал “Attack Surface AI” аясында жасанды интеллект жүйелеріндегі ықтимал осалдықтарды анықтау және олардың қауіпсіздігін бағалау міндеттері орындалды.

Жарыс бағдарламасына енгізілген «Cybermuloqot» семинар-тренингі жастар мен сала мамандарының арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасауға бағытталды.

Достонбек ТЎРАЕВ,

Киберқауіпсіздік орталығының баспасөз хатшысы.