Өзбекстанда ауыл және су шаруашылығында энергия тұтыну көлемі артып келе жатқанын ескере отырып, «жасыл» энергия көздерін көбейтуге ерекше мән беріліп отыр. Агровольтаика тәсілі бір аумақта бір мезетте өнім өсіруге де, күн панельдері арқылы электр энергиясын өндіруге де мүмкіндік береді. Есептеулерге сәйкес, бұл бағытта елімізде 10 гигаваттқа дейін қуат көзін қалыптастыру әлеуеті бар.
Бұл тәсіл әсіресе күн сәулесі мол түсетін аймақтар үшін тиімді. Күн панельдері егістікке көлеңке беріп, топырақтағы ылғалды ұзақ сақтайды және су шығынын азайтады. Ал өсімдіктер жердің температурасын реттеп, күн модульдерінің тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Кешенде су үнемдеуге бағытталған заманауи технологиялар да енгізілген. Атап айтқанда, «Bauer» компаниясының технологиясы негізінде жаңбырлатып суару жүйесі қолданылуда. Бұл әдіс суды біркелкі жеткізіп, топырақ ылғалын сақтауға, тыңайтқыштарды дәл беруге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған технология бұған дейін еліміздегі фермерлік шаруашылықтарда сынақтан өтіп, су шығынын 40 пайызға, тыңайтқышты 35 пайызға, қол еңбегін 90 пайызға қысқартуға және өнімділікті 25 пайызға арттыруға мүмкіндік берген.
110 гектар аумақты қамтитын кешенде интенсивті бау-бақша шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық өсіру бағыттары үйлестірілген. Бұл – жаңартылатын энергия көздері мен су үнемдеу технологиялары қатар енгізілген еліміздегі алғашқы агрокешендердің бірі.
Кешен аумағында 10 мың күн панелі орнатылған. Олар электр энергиясын өндірумен қатар топырақ ылғалын сақтап, егістікке көлеңке түсіреді. Балық шаруашылығында суға оттегі беру үдерісі осы электр қуаты арқылы орындалады, ал тоған суы минералдарға бай күйінде жүзімдіктер мен бақтарды қоректендіруге пайдаланылады.
Мал шаруашылығы бағытында ірі қаралар күн панельдерінің көлеңкесінде ұсталады, табиғи шөппен қоректенеді, ал органикалық тыңайтқыш жердің құнарын арттыруға жұмсалады. Осылайша кешенде энергия, су, азық және тыңайтқыш өзара байланысқан біртұтас жүйеге біріктірілген.
Мұндай жүйе ауыл шаруашылығы, энергетика және мал шаруашылығын ұштастырып, жерді екі есе тиімді пайдалануға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашады. Ең бастысы, фермерлер табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті экономиканы дамытуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда кешенде экспортқа бағытталған «Аватар» жүзім сорты өсіріліп, асыл тұқымды ірі қара мен қой бағылуда, сондай-ақ интенсивті балық шаруашылығы жолға қойылған. Соның нәтижесінде 100-ден астам отбасының табысы көбейіп, 350 адам жұмыспен қамтылған. Экспорт көлемі 2,5 миллион долларды құрайды.
Алдағы уақытта бұл бірегей тәжірибені республиканың 13 өңірінде 2 мың гектар аумақта кеңінен енгізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы кешен жұмысымен танысу барысында агродрондар арқылы егістікті дәрілеу және мониторинг жүргізу үдерістерін де көрді.