Кейінгі жылдары халыққа қолайлы, қауіпсіз және экологиялық таза қоғамдық көлік қызметін көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Атап айтқанда, соңғы үш жылда Ташкент қаласы мен облыс орталықтарына 2 мың 650 заманауи электробус пен автобус жеткізілді. Брутто-шарт негізінде 279 тұрақты бағыт іске қосылды.
Соның нәтижесінде күн сайын бағытқа шығатын автобустар саны 3 мың 150-ге жетті. Күнделікті қатынаулар саны 2022 жылғы 18 мыңнан 45,2 мыңға дейін, ал жолаушылар ағымы 900 мыңнан 2,3 миллион адамға дейін артты. Осы арқылы 4,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Таныстырылымда қоғамдық көлікті одан әрі дамыту бойынша кезекті міндеттерге назар аударылды. Урбанизация үдерісінің жеделдеуі, астана мен облыс орталықтарына жақын аумақтарда халық қозғалысының күрт артуы салдарынан қалаға кіретін қатынаулар 30 пайызға өскені атап өтілді.
Осыған байланысты қалалық қоғамдық көлікті бірыңғай агломерациялық жүйеге көшіру ұсынылды. Бұл ретте қала маңындағы 12 километрге дейінгі аумақтарға қатынайтын автобус бағыттарын да брутто-шарт жүйесімен қамту көзделген.
Атап айтқанда, Ташкент облысындағы «Назарбек», «Минерал сулар» және «Уч Қаһрамон» аумақтарын астанамен байланыстыру арқылы автокөлік ағынын кемінде 20 пайызға азайту мүмкін екені көрсетілді. Жалпы, Ташкент қаласында 19, ал облыс орталықтарында 79 осындай бағыт ашу жоспарланған.
Елорда қоғамдық көлігі мен қала маңындағы теміржол қатынасын өзара байланыстыру мақсатында «электр пойыз – автобус», «электр пойыз – метро» сияқты қолайлы тарифтер енгізу ұсынылды.
Сонымен қатар облыс орталықтарында қоғамдық көлік құрамын жаңарту қажеттігі атап өтілді. Есептеулерге сәйкес, өңірлерге тағы 1,5 мың ірі және орта сыйымдылықтағы автобус қажет. Осыған байланысты заманауи автобустар әкелуді ынталандыру, кәсіпкерлер үшін қаржылық мүмкіндіктерді кеңейту, несие желілерін іске қосу жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдау мақсатында автобустарды импорттауда утилизациялық алымнан босату мерзімін тағы 2 жылға ұзарту ұсынылды.
Таныстырылымда автобус жүргізушілері үшін лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда кейбір жүргізушілердің нормадан тыс жұмыс істеуі қызмет сапасына кері әсер етіп отырғаны айтылды. Өткен жылы тек Ташкент қаласының өзінде жүргізушілердің әрекеті мен қарым-қатынасына қатысты халықтан 1 мың 670 шағым түскен. Автобустар қатысуымен 109 жол-көлік оқиғасы болған.
Осыған байланысты брутто-шарт жүйесін жетілдіру, бір автобусқа тиесілі жүргізушілер санын 2-ден 3-ке арттыру, қозғалыс қауіпсіздігі мен қызмет мәдениетін күшейту міндеті қойылды.
Қоғамдық көлікте атқарылған жұмыс көлемі мен сапасын бағалау үшін әр облыста диспетчерлік орталықтар құрылған. Соның нәтижесінде қозғалыс кестесіне сай орындалатын рейстердің үлесі 90 пайызға жетті.
Енді осы жүйелерге жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы жолаушылар ағынына сәйкес автобус қозғалысын ұйымдастыру ұсынылуда. Бұл бір жолаушыны тасымалдау құнын 10–15 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы қоғамдық көлікті дамытуда халық саны көп қалалармен қатар туризм орталықтарын да қамту қажеттігін атап өтті.
Самарқанд пен Наманганды халқы бір миллион адам болатын қалаларға айналдыру жөніндегі мақсаттарға сәйкес, осы өңірлерде тұрғындар мен туристерге арналған заманауи «жасыл көлік» бағыттарын көбейту бойынша нақты бас жоспарлар әзірлеу тапсырылды.
Соңғы жылдары Хиуа қаласына туристер ағыны 3 есеге артқаны, бұл қолайлы қоғамдық көлікке сұранысты күрт өсіргені айтылды. Сондықтан Хиуа, Шахрисабз, Марғилан, Қоқан сияқты ірі туристік орталықтарда да қоғамдық көлікті дамыту бағдарламасын бастау қажеттігі көрсетілді.
Мемлекет басшысы қоғамдық көліктің халықтың күнделікті өмір сапасы, қаладағы қозғалыс мәдениеті, экология және экономикалық белсенділікпен тікелей байланысты маңызды сала екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға көлік қызметінің қолайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру, бағыттарды агломерация қағидаты негізінде кеңейту, саланы цифрландыру және жасанды интеллект шешімдерін енгізу бойынша нақты тапсырмалар берді.