Кейінгі жылдары әлемде орын алып жатқан қарулы қақтығыстарда ұшқышсыз ұшу аппараттары, роботтандырылған жүйелер, радиоэлектрондық күрес құралдары мен заманауи басқару технологиялары кеңінен қолданылып отыр. Бұл тек қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуды ғана емес, сонымен қатар жаңа буын мамандарын даярлауды талап етеді.
Өзбекстанда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әскер құрамында дрондарды жауынгерлік мақсатта қолданатын және оларға қарсы күресетін жаңа бөлімшелер құрылып, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары, инженерлерді және робототехника мамандарын даярлау жүйесі жолға қойылды.
Таныстырылым барысында Мемлекет басшысына осы мобильді бөлімшелердің қызметі мен аталған бағыттағы кадр даярлау жүйесі туралы есеп берілді.
Әскери білім беру жүйесін реформалау мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы Президентіміз бастамасымен бұл саланы дамытуға, заманауи білім мен практикалық дағдыларға ие әскери кадрларды даярлауға бағытталған шаралар қабылданды. Нәтижесінде барлық жоғары әскери оқу орындарына институт мәртебесі беріліп, бірыңғай тік басқару жүйесі құрылды, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Әскери қауіпсіздік және қорғаныс университеті ашылды.
Заманауи әскери қимылдар, әскердегі нақты қажеттіліктер және алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының тәжірибесі негізінде жаңа біліктілік талаптары, оқу жоспарлары мен бағдарламалары енгізілуде. Дайындық теория мен тәжірибені ұштастыру қағидаты негізінде ұйымдастырылып, болашақ офицерлер оқу барысында-ақ нақты жағдайларға сай қызмет атқаруға қажетті дағдыларды меңгереді.
Бакалавр деңгейінде әскери кадрларды даярлаудың жаңа моделіне сәйкес курсанттарға шет тілдері, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект тереңдетіліп оқытылады.
Корғаныс-штаб офицерлері үшін шетелдік озық тәжірибе мен заманауи қарулы қақтығыстарды зерделеу негізінде алғаш рет үш сатылы жаңа оқыту жүйесі енгізіледі.
Сонымен қатар сержанттар құрамын даярлау ауқымы да кеңейтіледі. Маңызды жаңалықтардың бірі – жоғары әскери оқу орындарында сержанттар үшін бакалавр бойынша алты азаматтық мамандық бойынша қашықтан оқыту жүйесі енгізіледі. Бұған қоса, авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары саласының мамандарын даярлау жүйесі жетілдіріліп, осы бағытта әскери қызметшілерді оқыту және бірыңғай сертификат беру тәртібі енгізіледі.
Таныстырылымда армияны цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды.
Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігі жүйесінде байланыс инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар енгізіліп, қорғалған деректер алмасу арналары дамытылуда.
Әскери бағдарламашылар әскер қызметінің түрлі бағыттары бойынша 50-ге жуық ақпараттық жүйе әзірледі. Атап айтқанда, қорғаныс істері органдарында «Шақыру» электрондық ақпараттық жүйесі құрылып, ол 19 министрлік және ведомствомен интеграцияланды. Бұл 39 түрлі анықтаманы онлайн форматта алу және әскерге шақыру іс-шараларын алғаш рет толық цифрлық түрде өткізуге мүмкіндік берді.
Әскери медицина саласында бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе мен телемедицина енгізіліп, Денсаулық сақтау министрлігінің «D-MED» жүйесімен біріктіру қамтамасыз етілді.
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қорғаныс министрлігінде киберқауіптерді дер кезінде анықтау және олардың алдын алуға бағытталған Ақпараттық қауіпсіздік мониторинг орталығы құрылды.
Таныстырылым барысында автоматтандырылған басқару жүйелерін одан әрі дамыту, роботтандырылған және автономды кешендерді қолдануды кеңейту, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жолға қою бойынша кешенді шаралар ұсынылды.
Қорғаныс министрлігінің орталық аппаратында Цифрлық технологиялар бас басқармасын, Жасанды интеллект технологиялары департаментін және Киберқауіпсіздік зертханасын құру көзделіп отыр. Республиканың барлық аумағында үздіксіз әрі тұрақты байланысты қамтамасыз ету мақсатында Жерсеріктік байланыс орталығы іске қосылады.
Қорғаныс саласында бірыңғай цифрлық саясат жүргізу үшін қорғаныс министрінің цифрландыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша орынбасары лауазымы енгізілді. Әскери округтерде де осы бағыттар бойынша қолбасшылардың орынбасарлары қызметін енгізу жоспарлануда.
Таныстырылым соңында Жоғарғы Бас Қолбасшы ұсынылған бастамаларды қолдап, армияны одан әрі цифрландыруға, әскерге заманауи ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған құжаттарға қол қойды.
Жауапты тұлғаларға қорғаныс саласын толық цифрландыру, ұлттық жасанды интеллект үлгілерін әзірлеу және білікті әскери кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша басым міндеттер жүктелді.