Елімізде халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, заманауи қала құрылысы үлгілерін өңірлерге енгізуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы бағытта бой көтеріп жатқан «Жаңа Өзбекстан» тұрғын алаптары халық әл-ауқатын арттыруға бағытталған ірі әлеуметтік жобалардың бірі саналады.

Көне Қоқан қаласында бой көтеріп жатқан жаңа алап тек тұрғын үй кешені ғана емес, сонымен бірге өңірдің экономикалық және әлеуметтік келбетін өзгертетін заманауи орталық ретінде қалыптасып келеді.

Қоқан ежелден халық тығыз қоныстанған, кәсіпкерлік дамыған қалалардың бірі. Осыған байланысты мұнда тұрғын үйге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ескірген инфрақұрылым мен шектеулі тұрғын аумақтар қаланы жаңа негізде кеңейтуді талап етуде.

Мемлекет басшысының екі жыл бұрынғы сапар барысында берілген тапсырмалар негізінде салынып жатқан бұл тұрғын алап аталған мәселеге нақты шешім болуда. Мұнда отбасылар барлық қолайлығы бар заманауи пәтерлермен қамтамасыз етілуде.

Жобаны жүзеге асыруға жалпы 1 триллион 850 миллиард сум қаржы бағытталған. Алапта 25 мың тұрғынға арналған кешенді инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. 84 көпқабатты үймен қатар заманауи мектептер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, жоғары оқу орны, бизнес және сауда орталықтары, сондай-ақ демалыс саябақтары салу жоспарланған.

Бұл жұмыстар жаңа алап тұрғындарына үйінен алысқа шықпай-ақ жұмыс істеуге, білім алуға, сауда және қызметтерді пайдалануға, сапалы демалуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңі сәтті аяқталып, 4 394 пәтерден тұратын 56 он қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Дайын жөнделген пәтерлер халыққа 35 пайыз бастапқы жарнамен, жылдық 16 пайыздық мөлшерлемемен 20 жыл мерзімге ұсынылуда.

Мемлекет басшысы жаңа пәтерлердің біріне кіріп, жасалған жағдайлармен танысты. Алаптың әлеуметтік маңызына тоқталып, мұнда қалыптасып жатқан жаңа орта адамдардың дүниетанымы, өмір сапасы мен тұрмыс мәдениетін арттыруға қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.

Ферғаналық ақсақалдармен жылы жүздесу өтті.

Олар әлеуметтік мемлекет қағидаты негізінде халық мүддесі қамтамасыз етіліп жатқанын, заманауи білім беру мен медицина мекемелері, көркейген махаллалар, жаңа кәсіпорындар мен кәсіпкерлік мүмкіндіктері тұрғындардың өмірін өзгертіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ бұл жұмыстар елдегі тұрақтылық пен әл-ауқатты нығайтып отырғанын айтып, Мемлекет басшысына алғыс білдірді.

Сондай-ақ осы жерде Президент «Жаңа Өзбекстан» тұрғын алабының екінші кезеңі мен Қоқан қаласын дамыту жөніндегі тұсаукесермен танысты.