Өзбекстанда жоғары білім беруді халықаралық стандарттар негізінде дамытуға, шетелдік беделді университеттермен ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөлінуде.

Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі, Әбу Райхан Бируни атындағы Үргеніш мемлекеттік университеті және Қытайдың Ляонин педагогикалық университетінің бірлескен жобасы аясында жаңа білім беру кешені бой көтерді. Оны салу және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 140 млрд сум бөлініп, мұнда 120 жаңа жұмыс орны ашылды.

Кешенде 560 орындық оқу блоктары, кітапхана, спорт залы, 200 орындық мәдениет сарайы және 118 орындық асхана бар. Екінші төрт қабатты ғимаратта 628 орындық аудиториялар мен 224 орындық студенттер жатақханасы орналасқан.

2026 жылға қабылдау квотасы 160 студент болып белгіленді. Алдағы уақытта жыл сайынғы қабылдауды 500 студентке, жалпы студенттер санын 2 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Білім беру күндізгі және қашықтан оқыту нысандарында өзбек, қытай және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бакалавриатта «Халықаралық қытай тілі білімі», «Туризм менеджменті», «Халықаралық бизнес», «Жасанды интеллект», ал магистратурада «Қытай тілі мен мәдениетін оқыту әдістемесі», «Білім беруді басқару», «Жасанды интеллект және білім беру технологиялары» бағыттары бойынша мамандар даярланады.

Филиал дипломы Өзбекстанда тікелей танылады. Үздік түлектерге Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында грант негізінде білімін жалғастыруға және беделді ұйымдарда тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беріледі.

Қазіргі таңда Хорезм облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 2 млрд 343 млн доллар болатын 38 ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларда заманауи технологияларды меңгерген және қытай тілін жақсы білетін білікті мамандарға сұраныс жоғары. Жаңа білім беру мекемесі мен Конфуций институты осы қажеттілікке сай кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.

Президент білім беру бағдарламаларын экономика мен еңбек нарығының қажеттіліктерімен үйлестіру, студенттердің заманауи технологиялар мен шетел тілдерін терең меңгеруі үшін барлық жағдайды жасау маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысына ұлттық бірыңғай туристік платформа мен туризм саласындағы кәсіпкерлер үшін жасалып жатқан жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктер таныстырылды.