Соңғы жылдары Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы басшылығымен еліміздің қорғаныс жүйесі дамудың жаңа кезеңіне көтерілді. Әсіресе, әуе кеңістігінің қауіпсіздігін күшейту және мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын сенімді қорғау мақсатында Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мен Әскери-әуе күштері жүйелі түрде реформаланып келеді.
Жүргізілген реформалардың нәтижесінде әскерлер заманауи авиациялық техника, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз етіліп келеді. Сонымен қатар практикалық ұшу жаттығуларының ауқымы бірнеше есеге ұлғайып, авиациялық бөлімдердің жауынгерлік әзірлігі нығайтылуда.
Таныстырылым барысында заманауи білім мен дағдыға ие, отансүйгіш әрі кәсіби ұлттық кадрларды даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен Әскери қауіпсіздік және қорғаныс университетінің Қаршы қаласында орналасқан Әскери авиация институтының оқу-материалдық базасы халықаралық білім беру стандарттары негізінде жаңғыртылған болатын.
Институтта заманауи оқу тренажерлері, модельдеу және симуляция құралдары енгізілген. Теория мен тәжірибені ұштастыра ұйымдастырылған сабақтар курсанттардың авиация саласын терең меңгеруіне мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар «Ұстаз–шәкірт» дәстүрі негізінде курсанттар «Ханабад» аэродромында тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен практикалық машықтарын жетілдіруде.
Таныстырылымда әуе шекараларын қорғаудың мүлде жаңа жүйесін енгізу, авиациялық бөлімдерді заман талабына сай қайта ұйымдастыру бойынша ұсынылған шаралар қаралды.
Бұл жұмыстар Әскери-әуе күштерінің жауынгерлік қабілеті мен практикалық мүмкіндіктерін арттыруға, әскерлердің жеделдігін, мобильдігін және заманауи қауіп-қатерлерге жауап беру әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Сонымен қатар әскери медицина саласында Түркиямен ынтымақтастықты дамыту мәселесі де талқыланды. Мемлекет басшысының биылғы қаңтар айында Түркияға жасаған сапары барысында екі ел үкіметтері арасында әскери медицина саласындағы білім беру және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді.
Таныстырылымда аталған келісім аясында жүзеге асырылуы ұсынылған шаралар жөнінде ақпарат берілді. Атап айтқанда, мамандарды емдеу ісі, стоматология, фармацевтика, профилактика, медициналық кәсіптік білім және мейіргерлік жоғары білім бағыттары бойынша, магистратура мен аспирантура деңгейінде даярлау, әскери дәрігерлерді қайта оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, медицина ғылымы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, семинар, конгресс және симпозиумдар өткізу, оқытушы, кеңесші, ғылыми қызметкерлер мен студенттер алмасуын жолға қою, бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастыру, науқастарды бірге емдеу және медициналық мекемелер ашу бағытындағы әріптестікті дамыту жоспарланған.
Таныстырылым барысында қорғаныс істері органдарында әскерге шақырылушыларды есепке алу, медициналық және шақыру комиссиялары қызметін цифрландыру жөніндегі ұсыныстар да қаралды. Бұл үдерістердің ашықтығы мен жеделдігін арттыру, азаматтарға қолайлы жағдай жасау маңызды екені атап өтілді.
Сонымен бірге қорғаныс органдарының азаматтық қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру, әскери қызметшілерге Ташкент пен Самарқанд қалаларында тұрғын үй жалдауға төленетін ай сайынғы өтемақы көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Президентіміз әскерлердің жауынгерлік әзірлігі мен дайындығын арттыру, әскери басқару және білім беру жүйесіне озық тәжірибелерді енгізу бойынша басым міндеттерді жүктеді.
Жауапты тұлғаларға әскери білім беру жүйесіндегі реформаларды жүйелі түрде жалғастыру, сарбаздарды кәсіпке баулу, оларды жоғары оқу орындарына даярлау және бұл үшін лайықты жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.