Ең алдымен, халықаралық ат спорты жарысының қорытындыларына арналған осы салтанатты рәсімге қатысып отырған барлық отандастарымыз бен мәртебелі қонақтарымызды шын жүректен құттықтаймын.
Жарыстарда жоғары шеберлік пен батылдықты, ұлттық дәстүрлерге адалдықтың үлгісін көрсетіп, зор нәтижелерге қол жеткізген барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз.
Бүгінгі салтанатты рәсімнің астанамыздағы көркем әрі сәулетті «Ашхабад» бағында өтіп жатқанының терең символдық мәні бар. Бұл әсем мекен тек қайталанбас сәулетімен ғана емес, сондай-ақ өзбек және түрікмен халықтары арасындағы көпғасырлық достықтың, тату көршілік пен өзара сенімнің, ортақ рухани тамырлардың жарқын рәмізі ретінде ерекше маңызға ие.
Осы күндері мемлекеттеріміздің өкілдері арасында өткен жарыстар мен оның жеңімпаздарын ұлықтауға арналған бүгінгі салтанатты іс-шара халықтарымыз арасындағы рухани жақындықты одан әрі нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.
Ежелден азаттықтың, ерліктің, адалдықтың, төзімділік пен сұлулықтың рәмізі болып келген жылқыға деген құрмет пен сүйіспеншілік Орталық Азия халықтарына тән асыл қасиет саналады. Бүгінде де бауырлас халықтарымыз осы баға жетпес мұраны лайықты жалғастырып, шабандоздық өнерін жаңа деңгейге көтеріп отырғанын ерекше атап өткен жөн.
Құрметті конференция қатысушылары!
Халықаралық деңгейде ат спортын дамыту бағытында Түркіменстан Президенті құрметті Сердар Гурбангулиевич Бердімухамедов пен Түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халық Мәслихатының Төрағасы, қадірлі бауырым Гурбангулы Мяликгулиевич Бердімухамедов жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалардың арқасында ел зор жетістіктерге жетіп, халықаралық аренадағы беделін нығайтып келеді.
Әлем жұртшылығы Түрікменстанның бейбітшілікке негізделген сындарлы саясатын, елді әлеуметтік-экономикалық дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау және мәдени мұраны байыту жолындағы табыстарын жоғары бағалауда.
Осы орайда айтар болсақ, ежелгі ахалтеке жылқы өсіру дәстүрлерін лайықты жалғастыру, оның даңқын бүкіл әлемге таныту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды ерекше атап өткен жөн.
Бүгінде ахалтеке тұлпарлары тек түрікмен халқының ұлттық мақтанышы ғана емес, бүкіл аймағымыз мәдени мұрасының бірегей жауһары ретінде бағалануда.
«Тәуелсіз бейтарап Түрікменстан – мақсатқа ұмтылған қанатты тұлпарлар отаны» деп жарияланған биылғы жылы өткізіліп жатқан рухани-ағартушылық іс-шаралар, халықаралық конференциялар, ғылыми форумдар мен мерекелік салтанаттар әлем халықтарының шабандоздық өнеріне деген қызығушылығын одан әрі арттыруда.
Жаңа Өзбекстанда да ұлттық құндылықтарды абайлап-сақтау, ата-бабаларымыздан қалған сирек кездесетін дәстүрлерді келер ұрпаққа аман-есен жеткізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Атап айтқанда, ұлттық спорт түрлерін дамыту, ат спортын кеңінен насихаттау, асыл тұқымды жылқы шаруашылығын қолдау және заманауи инфрақұрылым қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Білікті шабандоздарымыз, тәжірибелі атбегілеріміз бен жанкүйер мамандарымыз осы саладағы ұлттық мектептердің абыройын асқақтатып, жас ұрпақты ерлікке, отансүйгіштікке және салауатты өмір салтына тәрбиелеуге лайықты үлес қосып келеді.
Біз алдағы уақытта да мемлекеттеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту, ежелгі достығымызды одан әрі нығайту жолында барлық күш-жігерімізді жұмылдырамыз.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тағы да шын жүректен құттықтаймын.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт және жауапты әрі абыройлы қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін.
Өзбек-түрікмен достығы мәңгі жасай берсін!
Шавкат Мирзияев,
Өзбекстан Республикасының Президенті