Мұнда Әзербайжан басшысына Жаңа Ташкенттің бас жоспары, құрылыс жұмыстарының барысы, қаланың көлік және инженерлік инфрақұрылымы, сондай-ақ оның болашақ даму жоспарлары таныстырылды.
Жаңа Ташкент 20 мың гектар аумақта бой көтеріп, болашақта 2 миллион тұрғынға есептелген. 2034 жылға дейін мұнда 200 мың пәтер салу жоспарланған.
Жобаның 6 мың гектарды қамтитын бірінші кезеңінде заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік және бизнес нысандары, білім беру және мәдениет мекемелері бой көтеріп жатыр. Атап айтқанда, «Жаңа Өзбекстан» университеті, Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университеті және басқа да жоғары оқу орындарының кампустары салынуда.
Қаланы дамытуда заманауи урбанистика, «жасыл қала» және энергия тиімділігі қағидаттарына басымдық берілген. Инженерлік коммуникацияларды жер астында орналастыру, энергия үнемдейтін технологияларды пайдалану, кең жасыл аймақтар мен қоғамдық кеңістіктер құру көзделген.
Көлік инфрақұрылымы да жаңа қаланың маңызды құрамдас бөлігі болады. Жаңа көпірлер, метро желісі, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары Жаңа Ташкентті елорданың қазіргі аумақтарымен тығыз байланыстырады.
Сонымен қатар, қалада мемлекеттік мекемелер, ғылыми және мәдени орталықтар, қонақүйлер, сервистік және бизнес кешендері салынады. Жобаға жергілікті және шетелдік инвесторлар кеңінен тартылуда.
Президент Ильхам Әлиевке Жаңа Ташкенттің макеті мен жоспарланып отырған ірі нысандар туралы ақпарат берілді.