Сапар Баһауддин Нақшбанд кесенесіне зиярат етуден басталды. Мұнда Құран оқылып, халқымыздың тыныштығы мен береке-бірлігі үшін дұға жасалды.

Қожа Мұхаммед Баһауддин Нақшбанд – XIV ғасырда өмір сүрген ұлы ғұлама, сопылықтағы нақшбандия тариқатының негізін қалаушы. Оның кесенесі маңында ғасырлар бойы қалыптасқан сәулет кешені бүгінде де ислам әлеміндегі қасиетті зиярат орындарының бірі саналады.

Күн сайын орта есеппен 15 мыңға жуық адам зиярат ететін Баһауддин Нақшбанд сәулет кешені «Жібек жолы: Зарафшан – Қарақұм дәлізі» нысандары құрамында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.

Кейінгі жылдары кешеннің тарихи келбетін сақтау және зияратшыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жүргізілді. XV ғасырдағы сызбалар негізінде «Дониёлбий оталиқ» медресесі мен «Тоқи миёна» қақпасы қалпына келтіріліп, музей экспозициясы мен ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.

Президент Бұхараның ғасырлар бойы ислам ағартушылығының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Осынау бай рухани мұраны терең зерттеп, оны жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану, жастарды білім мен ғылымға баулу қажеттігін айтты.

– Ислам өркениеті орталығы, Имам Бұхари және Имам Матуриди бабаларымыздың есімдерімен байланысты кешендер – мұның бәрі бір мақсатқа қызмет етеді: ұлы бабаларымыздың ғылыми мұрасын жалғастыру және жастарымызды осы рухта тәрбиелеу, – деді Мемлекет басшысы.