Хабарланғандай, «Сыртқы жазуларды реттеу туралы» ережені бекітуді көздейтін бұл құжат сыртқы ақпарат құралдарын жүйелі түрде реттеуге, оларды орнату және пайдалану үстінен бақылауды күшейтуге бағытталған.

Айтылуынша, қазіргі кезде түрлі түсінбеушіліктерге себеп болып отырған кейбір ұғымдарға нақты анықтама енгізілуде. Атап айтқанда, «сыртқы ақпарат құралы», «сыртқы жазу», «ақпарат көрсеткіші», «маңдайша», «жарнама» және «ақпарат тақтасы» сияқты терминдерге ресми анықтама беру көзделген.

Жобаға сәйкес, сыртқы ақпарат құралдары мен сыртқы жазулар коммерциялық мақсатты көздемейтін, жарнама сипатына ие емес ақпарат құралдары болып есептеледі. Сондықтан оларға жарнамалық немесе коммерциялық мазмұндағы бейнелерді орналастыруға жол берілмейді.

Сонымен қатар, сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету нысандарындағы маңдайшалар — мысалы, «дәріхана», «шаштараз», «супермаркет» немесе «ұлттық тағамдар» сияқты жазулар сыртқы жарнама нысаны болып саналмайды.

Яғни, кәсіпкер өз ғимаратының сыртқы бөлігінде қызмет түрі немесе ұйым атауы туралы ақпарат орналастырса, бұл жарнама ретінде бағаланбайды және жарнама паспорты рәсімдеу немесе төлем жасау талап етілмейді.

Құжатта жарнама ұғымына да нақты анықтама берілген. Оған сәйкес, өнім немесе қызметке қызығушылық тудыру, оны нарықта ілгерілету және пайда табу мақсатында таратылатын арнайы ақпарат жарнама болып есептеледі.

Айтылғандай, жекеменшік ғимараттарда сыртқы жарнама конструкцияларын орналастыру құқығын беретін жарнама орнының паспорты жергілікті әкімдіктер тарапынан, Ташкент қаласында әкімдік жанындағы Цифрлық даму департаменті арқылы рәсімделеді.

Ал Бәсекелестік комитеті жарнама мазмұнының заң талаптарына сәйкестігіне мемлекеттік бақылау жүргізеді.

Комитет кәсіпкерлерді, компанияларды, азаматтық қоғам институттарын және кең жұртшылықты осы жоба талқылауына белсенді қатысуға шақырды.

Анықтама үшін, жоба талқылауы 25 сәуір күні басталған, 10 мамырға дейін жалғасады.