Мемлекет басшысының 2025 жылғы 27 желтоқсанда қабылдаған «2030 жылға дейін теміржол көлігімен ішкі бағыттардағы жолаушылар тасымалын арттыру жөніндегі шаралар туралы» қаулысына сәйкес өңірлерде көлік инфрақұрылымы жаңартылып, жергілікті теміржол қатынастары кеңейтілуде. Соның нәтижесінде халыққа қолайлы әрі сапалы көлік қызметі ұсынылып келеді.
«Бекабад» теміржол вокзалында Мемлекет басшысына Ташкент қаласы мен аталған қаланы байланыстыратын бағытта атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берілді.
Ұзындығы 192 шақырымды құрайтын «Ташкент – Бекабад» теміржол бағыты тәулігіне шамамен мың, ал жылына 300 мың жолаушыға қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Бұл бағытта енді алты вагоннан тұратын, 586 жолаушыға арналған электропойыз сағатына 120 шақырымға дейінгі жылдамдықпен қатынайды. Бұл әсіресе күн сайын жұмысқа немесе оқуға қатынайтын тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасайды.
Электропойыз жолаушыларға қажетті барлық заманауи мүмкіндіктермен жабдықталған. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы көтергіштер орнатылған. Вагондар кондиционер және жылыту жүйелері, жұмсақ орындықтар, USB қуаттау құрылғылары және Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері, электронды ақпараттық тақталар және велосипедтерге арналған арнайы орындар қарастырылған.
Жаңа электропойыздың іске қосылуы автокөлік жолдарындағы жүктемені азайтып, экологиялық таза көлік түрлерінің үлесін арттыруға ықпал етеді.
Президент теміржол инфрақұрылымын одан әрі дамыту, жолаушыларға жасалған жағдайды жақсарту, теміржол желілерін электрлендіру және теміржол бойындағы аумақтарды абаттандыру жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы вокзал инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру және жолаушылар қозғалысын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.