Мемлекет басшысы бұл жоба Жаңа Өзбекстанның экономикалық қуаты мен көлік-логистика әлеуетін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

– Бүгін бұл салада шын мәнінде жаңа кезең басталып отыр деуге болады. Халқымыздың өркендеуі мен әл-ауқатының символына айналатын осы ірі жобаның басталуымен баршаңызды құттықтаймын, – деді Президент.

Соңғы жылдары Өзбекстан экономикасы үш есеге өсіп, 2030 жылға қарай оның көлемін 240 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Осыған байланысты жол-көлік және логистика инфрақұрылымын экономиканың даму қарқынына сай жаңғырту басты міндеттердің бірі саналады.

Бүгінде Өзбекстан аумағы арқылы халықаралық маңызы бар 4 мың шақырым транзиттік жол өтеді. Оның 30 пайызы толық жүктемемен жұмыс істесе, тағы 25 пайызы шамадан тыс жүктелген.

«Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» темір жолы мен Трансауған темір жолы іске қосылғаннан кейін Өзбекстан Тынық мұхитынан Еуропаға дейінгі ең қысқа құрлық дәлізінің негізгі буынына айналады. Сондай-ақ Пәкістан порттары арқылы Үнді мұхиты мен Оңтүстік Азия нарықтарына шығудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.

Есептеулерге сәйкес, жыл сайын қосымша 15–20 миллион тонна транзиттік жүк қабылдау 400–600 миллион доллар кіріс әкеліп, логистикалық орталықтар мен терминалдарға 3 миллиард доллар инвестиция тартуға және 50 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Осыған орай 2030 жылға дейін Әндіжан мен Қоңыратты, Термез бен Ташкентті жалғайтын 4 мың шақырым халықаралық автомобиль жолын заманауи транзиттік дәлізге айналдыру жоспарланған. Жаңа Ташкент – Самарқанд автомагистралі осы стратегиялық бағдарламаның маңызды бөлігі саналады.

Соңғы он жылда 78 триллион сум қаржыға 128 мың шақырым автомобиль жолы салынып немесе жөнделген. Ал енді елде алғаш рет ең жоғары санаттағы заманауи автомагистраль салынбақ.

Жобаның жалпы құны шамамен 2,2 миллиард долларды құрайды. Алты жолақты автомагистральдың ұзындығы 282 шақырым болады. Ол Ташкент, Сырдария, Жызақ және Самарқанд облыстарындағы халқы 2 миллионнан асатын 13 аудан арқылы өтіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жоба аясында 92 көпір, 28 жол өткелі, 60 тоннель үлгісіндегі өткел, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған жер асты жолдары мен су өткізу құрылыстары салынбақ.

Жол жабыны ауыр және жоғары жылдамдықпен жүретін автокөліктерге төзімді монолитті бетоннан салынады. Жазық учаскелерде көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін жетеді деп жоспарланған.

Заманауи қауіпсіздік жүйелері, цифрлық шешімдер мен инновациялық технологиялар жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

– Бұл жоба іске қосылғаннан кейін оның игілігін әрбір отандасымыз өз өмірінде сезінеді. Ташкенттен Самарқандқа жету уақыты қазіргі 5 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңа автомагистраль тәулігіне 60–80 мыңға дейін көлік құралын қабылдай алады. Кептеліссіз қозғалыс жанармай шығынын, техникалық қызмет көрсету мен пайдалану шығындарын азайтады.

Есептеулерге сәйкес, жүк тасымалының өзіндік құны 19–24 пайызға төмендейді. Бұл әсіресе тез бұзылатын жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт және басқа да өнімдерді нарыққа жылдам әрі сапалы жеткізуге мүмкіндік береді.

Жаңа жол Ферғана аңғары мен елдің орталық өңірлерін оңтүстік және батыс облыстармен байланыстырып, халықаралық көлік дәліздерінің тиімділігін арттырады. Нәтижесінде Өзбекстанның Орталық Азиядағы көлік-логистика хабы ретіндегі рөлі күшейеді.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, мұндай инфрақұрылымдық жобаларға салынған әрбір доллар экономикаға бес есеге дейін қайтарым әкеледі. Жаңа автомагистраль Ташкент қаласы, Сырдария, Жызақ және Самарқанд облыстарының жалпы өңірлік өнімін шамамен 3 пайызға арттырады деп күтілуде.

Жол бойында логистикалық орталықтар, қоймалар, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кәсіпорындары, сауда-сервис нысандары, қонақ үйлер мен туристік кешендер бой көтереді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, қызмет көрсету саласының дамуына және жергілікті бюджет кірістерінің артуына ықпал етеді.

Құрылыс барысында отандық құрылыс материалдары мен жергілікті қызметтер кеңінен пайдаланылады. Бұл жергілікті кәсіпорындарға ірі тапсырыстар беріп, жаңа өндіріс қуаттары мен қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Төрт өңірдің басшыларына «Бірыңғай дәліз – бірыңғай стандарт» қағидаты негізінде жер телімдерін бөлу, логистикалық, инженерлік және коммуникациялық инфрақұрылымды үйлестіре жоспарлау тапсырылды.

Автомагистраль Еуропа, Түркия, Қытай және басқа елдердің озық тәжірибесі негізінде жобаланған. Алғашқы кезеңде жол қытайлық серіктестермен EPC моделі бойынша салынып, кейін оны басқару, күтіп ұстау және пайдалану бойынша заманауи тетіктер енгізіледі.

Жоба халықаралық сапа, қауіпсіздік және экологиялық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып, 2030 жылы пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысы бұл бастама елдегі ауқымды жол құрылысы бағдарламасының бір бөлігі екенін атап өтті. Қазіргі таңда Хиуа – Үргеніш жолының құрылысы жалғасуда, Ташкент – Әндіжан бағыты бойынша халықаралық тендер аяқталуға жақын, сондай-ақ Ташкент – Бостандық автомагистраліне жеке серіктесті анықтау жұмыстары жүргізілуде.

– Бүгін біз Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында еліміздің болашағы, экономикалық тұрақтылығы және халқымыздың әл-ауқаты үшін тағы бір берік іргетас қалап отырмыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қытайлық серіктестерге, жергілікті және шетелдік мамандарға, инженерлер мен құрылысшыларға табыс тілеп, Өзбекстан тарихында алғаш рет «жасыл» әрі инновациялық автомагистраль салынатынын ерекше атап өтті.

Салтанатты рәсім соңында Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент – Самарқанд жаңа автомагистралінің іргетасына капсула қойып, құрылысты ресми түрде бастап берді.