Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрінің Өзбекстанға жасаған тарихи сапарының маңызына ерекше тоқталды.
Өзбекстан басшысы нәтижелі келіссөздер екі ел арасындағы шынайы достықтың, өзара құрмет пен сенімнің берік екенін тағы бір мәрте көрсеткенін айтты.
Үндістанның халықаралық аренада беделі биік, сенімді әрі әлеуеті зор стратегиялық серіктес екені атап өтілді. Әсіресе цифрлық технологиялар, бағдарламалық жасақтама және стартаптар саласындағы Үндістанның орасан зор жетістіктері жоғары бағаланды.
Осыған байланысты сапарға тыңғылықты дайындық жүргізіліп, ауқымды құжаттар топтамасы әзірленді. Оның ішінде Бірлескен мәлімдеме қабылданып, бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойылды.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгені атап өтілді.
Келіссөздерде экономикалық ынтымақтастыққа басымдық берілді. Өткен жылы өзара сауда көлемі 33 пайызға өсіп, 1,3 миллиард долларға жетті. Ал бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 5 миллиард долларға жеткізу мақсаты белгіленді.
Сапар аясында бірлескен инвестициялық жобалардың ауқымды портфелі қалыптастырылып, Үндістанның бірқатар ірі компанияларымен нақты келісімдер жасалды.
Кездесулер барысында энергетика, сирек минералдар, денсаулық сақтау, фармацевтика, электроника, машина жасау, зергерлік өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің жаңа бағыттары айқындалды.
Сондай-ақ халықаралық және өңірлік деңгейдегі өзара қолдауды жалғастырудың маңызы атап өтілді. Атап айтқанда, БҰҰ, ШЫҰ, Қосылмау қозғалысы, БРИКС және Жаһандық Оңтүстік елдерімен ынтымақтастық аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту қажеттігі айтылды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше мән берілді. Қазір Өзбекстанда Үндістанның төрт жоғары оқу орны жұмыс істейтіні, ал Лал Бахадур Шастри және Махатма Ганди атындағы орталықтар өз қызметін нәтижелі жүргізіп жатқаны атап өтілді. Сонымен бірге 30 күндік визасыз режим мен аптасына 14 рет орындалатын тікелей әуе рейстері туризмді дамытуға айтарлықтай серпін беретіні айтылды.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында қол жеткізілген уағдаластықтардың толық орындалуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты «жол картасы» әзірленетінін айтып, Үндістан Премьер-министріне және кездесуге қатысушылардың барлығына алғыс білдірді.