Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентінің Өзбекстанға мемлекеттік сапары, еш әсірелеусіз, тарихи маңызға ие екенін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев Мәңгілік достық туралы шарттың жасалуын бүгінгі саммиттің ең маңызды нәтижесі болғанын айтты. Өзбекстан көшбасшысының айтуынша, бұл құжат ынтымақтастықты тереңдетуге, қолда бар мүмкіндіктерді кеңейтуге және ортақ болашақты бірге құруға деген ұмтылыстың көрінісі.

Сапар аясында одақтастық қатынастарды тереңдетуге бағытталған жаңа бастамаларды әзірлеу және жүзеге асырудың тиімді тетігіне айналған Жоғары мемлекетаралық кеңестің үшінші отырысы да өтті.

Мемлекет басшысы Әзербайжан экономикасының тұрақты дамып, халықаралық аренадағы беделі артып келе жатқанын атап өтті. Ильхам Әлиевті Әзербайжанның аумақтық тұтастығы қалпына келіп, тарихи жерлерінің қайтарылуымен тағы да құттықтады.

Әлеуметтік инфрақұрылымы қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатқан Қарабақты қайта қалпына келтіру мәселесіне ерекше назар аударылды.

– Әзербайжан – біздің сенімді одақтасымыз, стратегиялық серіктесіміз әрі бауырлас мемлекет. Қарым-қатынастарымыздың негізінде біртұтас өркениеттік код – ортақ тарихи тамырлар, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, ұқсас мәдениет пен дәстүрлер жатыр, – деді Өзбекстан көшбасшысы.

Саммитке тыңғылықты дайындық жүргізілгені атап өтілді. Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің отырыстары, Өңірлер форумы нәтижелі өтті.

Келіссөздер барысында Президенттер көпқырлы қатынастардың барлық бағыттарын жан-жақты талқылап, Үкіметаралық комиссия тең төрағаларының негізгі бағыттар бойынша баяндамаларын тыңдады.

Олар, ең алдымен, сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік, мәдениет және басқа да салаларды қамтиды.

Тараптар саяси диалогты одан әрі нығайтуға, парламенттер мен үкіметтер, салалық ведомстволар және өңірлер арасындағы белсенді байланыстарды қолдауға келісті.

Еі бастысы экономикалық мәселелерге назар аударылды. Өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу мүмкіндіктері қарастырылды. Бүгін осы маңызды межеге қол жеткізу жөніндегі нақты шараларды қамтитын тиісті бағдарлама қабылданды.

Өнеркәсіптік кооперациядағы жаңа өсу нүктелері айқындалды.

Осы сапарға дайындық аясында энергетика, геология, химия, құрылыс, қаржы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы кооперациялық жобалардың ауқымды портфелі қалыптастырылды.

Бұл жобаларды ілгерілетуде бірнеше жыл бұрын құрылған Инвестициялық қор маңызды рөл атқарып келеді.

Өңірлердің мүмкіндіктерін толық жұмылдыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Осы мақсатта осы айда Ташкент қаласы, Бұхара және Наманган облыстарының әкімдері Әзербайжанда болды.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – көлік-транзит саласы. Атап айтқанда, Транскаспий дәлізін бірлесіп дамыту, логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру және жүк тасымалын ынталандыру мәселелеріне назар аударылды.

Екі халық арасындағы тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар сенімді достық көпірі қызметін атқарып келеді.

Бүгін Низами Гәнжауи атындағы Педагогикалық университеттің жаңа ғимараты ашылып, Жаңа Ташкентте «Әзербайжан» саябағын салу жұмыстары басталады.

Жыл соңына дейін Өзбекстанда Әзербайжан мәдениеті күндері, сондай-ақ Әзербайжанда жоғары оқу орындары ректорларының екінші форумы өткізіледі.

Низами Гәнжауи мен Әлішер Науаидың әдеби мұрасына арналған бірлескен көркем фильмнің түсірілуі елдеріміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болмақ.

ФИФА шешіміне сәйкес, келесі жылы Өзбекстан мен Әзербайжан футболдан жастар арасындағы әлем чемпионатын бірлесіп өткізетіні атап өтілді.

Осынау ірі спорттық іс-шара аясында ауқымды «Екі ел – бір чемпионат» бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында әзербайжандық әріптесіне ұсыныстар мен бастамаларды қолдағаны үшін алғыс білдірді. Ол осы тарихи сапардың қорытындылары ынтымақтастықты нақты практикалық мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалар мен екі бауырлас елдің тұрақты дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді.