Мемлекет басшысының 8–9 шілдеде Беларуське жасаған ресми сапары аясында өзара сауда көлемін 2 миллиард АҚШ долларына жеткізу, сондай-ақ машина жасау, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тоқыма, ағаш өңдеу және медицина салаларында жалпы құны 2 миллиард долларды құрайтын 310 жоба мен іс-шараны жүзеге асыру жөнінде маңызды келісімдерге қол жеткізілген.
Президент бұл уағдаластықтарды қысқа мерзімде нақты нәтижеге айналдырып, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.
Беларусьте инвестициялық жобаларды орналастыру үшін ұсынылатын өндірістік нысандар, мемлекеттік мүлік және ауқымды ауыл шаруашылығы жерлері бар. Ел аумағының 40 пайызы, яғни шамамен 8 миллион гектары ауыл шаруашылығы алқаптарынан тұрады.
Бұл мүмкіндіктер бірлескен өндірістерді іске қосуға, аграрлық кооперацияны дамытуға, кәсіпкерлік байланыстарды кеңейтуге және азаматтарды ұйымдасқан түрде жұмыспен қамтуға негіз қалайды.
Осыған байланысты Беларусьте жұмыс істеуге немесе кәсіп ашуға ниетті азаматтар мен кәсіпкерлердің тізімін алдын ала қалыптастырып, Беларусь тарапымен келісу, сондай-ақ жұмыс орны, тұрғын үй, жобаға қажетті ғимараттар мен жер телімдері мәселелерін шешіп барып олардың сапарын ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Таныстырылымда Әндіжан және Витебск облыстары арасындағы ынтымақтастық аясында атқарылған жұмыстар туралы да ақпарат берілді.
Екі өңір арасында «жол картасы» бекітіліп, нақты бастамаларды жүзеге асыру басталған. Соның нәтижесінде Әндіжан облысының 255 тұрғыны ұйымдасқан түрде Витебскке жіберіліп, жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар 11 мал шаруашылығы кешенінің базасында жаңа жобаларды іске асыру туралы келісім жасалды. Олардың әрқайсысында 200 бастан 3 мың басқа дейін ірі қара өсіруге және қажетті жем-шөп базасын қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ «Andijon Invest» компаниясының қатысуымен ірі мал шаруашылығы кешені мен шипажай базасында инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру шаралары қолға алынуда.
Жалпы алғанда, Витебск облысы мен Беларусьтің өзге өңірлерінде мал шаруашылығы, ағаш өңдеу, логистика, сауда және қызмет көрсету салаларында жалпы құны 100 миллион АҚШ долларынан асатын 30 жаңа жоба әзірленді.
Атап айтқанда, Витебск облысында 3 мың басқа арналған ірі сүт-тауарлы ферма, бірнеше орта көлемдегі мал шаруашылығы кешені, ағашты терең өңдеу және оның қалдықтарынан пеллет өндіретін кәсіпорын салу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Әндіжан мен Витебск облыстары арасында қалыптасқан ынтымақтастық моделін Өзбекстанның өзге өңірлерінде де енгізу жөнінде тапсырма берді.
Осыған сәйкес Бұхара, Қашқадария, Науаи, Наманган, Ташкент, Ферғана және Самарқанд облыстары Беларусьтің Витебск, Могилев, Гродно, Гомель және Брест облыстарымен әріптестік орнатады. Өнеркәсіп және аграрлық нысандар базасында жаңа өндірістер ашу, кәсіпкерлік жобаларды іске асыру және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жеке «жол карталары» бекітіледі.
Әр өңірден 30 жетекші кәсіпкерді Беларуське апарып, жергілікті серіктестермен бірлескен жобаларды бастау міндеті жүктелді.
Кездесуде өзара сауданы жандандыру және жүк тасымалы шығындарын азайту мақсатында заманауи логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қаралды.
Жыл соңына дейін «Беларусь темір жолымен» бірлесіп Витебск облысындағы Орша станциясында экспорттық-импорттық жүктерге тиімді тарифтер бойынша қызмет көрсететін интермодальды логистикалық орталық іске қосылады.
Сонымен қатар Беларусь компанияларымен бірлесіп екі ел арасында тікелей блок-пойыз қатынасын жолға қою тапсырылды.
Азаматтарды ұйымдасқан түрде жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Алғашқы кезеңде Витебск және Беларусьтің басқа өңірлеріндегі 13 кәсіпорынға конкурстық негізде 1100 өзбекстандық азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Қыркүйек айынан бастап ай сайын 500 адамнан, жалпы 5 мың Әндіжан облысының тұрғынын Витебск облысында тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Осы мақсатта Витебск қаласында Өзбекстанның Көші-қон агенттігінің өкілдігі ашылады.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге Беларусьте банк шотын ашуға, жарғылық капиталға қаражат аударуға және жобаларын қаржыландыруға қолдау көрсету тапсырылды.
Витебскіде заманауи сүт-тауарлы ферма, ағаш өңдеу зауыты мен логистикалық компания құру үшін қажетті қаржыны қолайлы шарттармен бөлу жөнінде де тапсырмалар берілді.
Мемлекет басшысы әрбір келісім нақты жобаға, жаңа кәсіпорынға, сауда көлемінің ұлғаюына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ұласуы тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ жауапты тұлғаларға қол жеткізілген нәтижелерді тұрақты бақылауда ұстап, «жол карталарының» орындалуын жүйелі түрде талдап отыру тапсырылды.