Кейінгі жылдары бұл салаға тартылған инвестиция көлемі 10 есе артып, 2,7 млрд долларға жетті. Соның нәтижесінде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 2017 жылғы 63 пайыздан шамамен 83 пайызға дейін өсті.

Осы кезеңде 7,7 млн тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды, 11 млн тұрғынның сумен қамтылу сапасы жақсарды, ал тағы 1,1 млн адам кәріз жүйесіне қосылды. Сонымен қатар 39 мың шақырым ауыз су және 3,2 мың шақырым кәріз желісі салынып, жаңғыртылды. Сондай-ақ 3,4 мың ауыз су нысаны мен 295 кәріз құрылысы және сорғы станциясы салынды немесе жаңартылды.

Алдағы жылдары ауыз сумен қамту деңгейін 90 пайызға, ал қалалардағы кәріз жүйесінің қамту аясын 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қосымша 1,3 млрд доллар инвестиция тарту көзделген.

Мемлекет басшысы қол жеткізілген нәтижелермен қатар, жобаларды әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ проблемаларды дер кезінде анықтап, жою жүйесі әлі де жетілдіруді қажет ететінін айтты.

Атап айтқанда, Әндіжан қаласындағы кәріз жүйесіндегі мәселелерді шешуге 107 млрд сум бөлінді. Ал Ташкенттің Сергели ауданында жағымсыз иістің алдын алу үшін заманауи сүзгілер орнатыла бастады.

Сұрхандария облысын «Тупаланг» су қоймасынан ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы аясында Термез қаласына дейін су құбыры тартылды. Жыл соңына дейін «Шерабад», «Музработ», «Ангор» және «Жарқорған» аудандарына да ауыз су жеткізіледі.

Таныстырылым барысында өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты міндеттер белгілі болды. Соның ішінде 513 махалланы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы 3 мың махаллада су қызметінің сапасын жақсарту қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ ауыз суды тұрғын үйлерге тікелей жеткізуге ерекше назар аударылды. Осы мақсатта 232 мың су колонкасының орнына су желілерін үйлерге дейін тарту жоспарланған.

Жыл соңына дейін жалпы құны 600 млн доллар болатын жобалар жүзеге асырылады. Оның аясында 1,6 мың шақырым ауыз су және 387 шақырым кәріз желісі, сондай-ақ 80 ауыз су және 29 кәріз нысаны салынады.

Нәтижесінде 107 махаллада тұратын 310 мың адам алғаш рет орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізсе, 453 махаллада тұратын 2,5 млн тұрғынның сумен қамтылуы жақсарады.

Сонымен қатар Қашқадария облысында «Хисорак» су қоймасынан ауыз су тарту жобасын жеделдету тапсырылды. Құны 217 млн доллар болатын жоба «Қамаши», «Ғузар», «Қаршы» аудандары мен Қаршы қаласындағы 1,1 млн тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Президент жауапты тұлғаларға жобалардың техникалық-экономикалық сараптамасын қысқа мерзімде аяқтап, қаржыландыру көздерін нақтылауды тапсырды.

Бұдан бөлек, Ферғана, Сұрхандария және Жызақ облыстарында ауыз су және кәріз жүйелерін дамытуға арналған несие және гранттық келісімдерге қол қою, сондай-ақ Ташкентте жаңа кәріз нысанын салу жобасы бойынша түпкілікті қорытынды әзірлеу міндеті жүктелді.

1 қыркүйекке дейін жалпы құны 317 млн доллар болатын алты жоба бойынша шетелдік серіктестермен келіссөздерді аяқтап, қаржыландыру көздерін айқындау қажет екені айтылды.

Жиында су шаруашылығы кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығы да талқыланды. Қолданыстағы тарифтер қызметтің нақты өзіндік құнын толық өтемейтіні және өңірлер арасында үлкен айырмашылықтардың бар екені атап өтілді.

Осыған байланысты ауыз суды өндіру мен оны тұтынушыларға жеткізу функцияларын бөліп, Магистральды сумен жабдықтау кәсіпорнын құру ұсынылды. Ол өңірлік кәсіпорындарға ауыз суды бірыңғай көтерме тарифпен жеткізетін болады.

Сонымен қатар ауыз су және кәріз қызметтеріне тарифтерді ашық әрі экономикалық негізде белгілеу үшін ведомствоаралық тарифтік комиссия құру және 2027 жылғы 1 сәуірден бастап бюджеттік ұйымдар үшін бірыңғай тариф енгізу тапсырылды.

Демографиялық және экономикалық өсімге байланысты 2030 жылға қарай елдегі ауыз су тұтыну көлемі қазіргі 941 млн текше метрден тағы 230 млн текше метрге артады деп күтілуде. Осыған байланысты су ресурстарын нақты есепке алып, шығындарды азайту қажеттігі айтылды.

Сол себепті тұтынушылармен есеп айырысуды толықтай онлайн жүйеге көшіру, қала және аудан орталықтарындағы барлық тұтынушыларға қашықтан мәлімет жіберетін заманауи су есептегіштерін орнату жоспарланып отыр.

Су нысандары мен желілерінің цифрлық картасы жасалып, басқаруға «SCADA», «GIS», телеметрия және бірыңғай биллинг жүйелері кеңінен енгізіледі. Бұл су шығынын қазіргі 35 пайыздан 25 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Салада жасанды интеллект негізінде сорғы жабдықтарының жұмысын талдау, апаттар мен су ағуын алдын ала анықтау, су тұтынуын болжау және тұрғындардың өтініштерін жедел қарауға арналған жобалар да таныстырылды.

Кадр даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері ұлттық зерттеу университетінде арнайы факультет ашу ұсынысы қолдау тапты. Сонымен қатар өңірлердегі техникумдар базасында ауыз су және кәріз саласы бойынша дуальды білім беру жүйесі енгізілмек.

Жиын соңында Мемлекет басшысы жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруды, қызмет көрсету аясын кеңейтуді, кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуді, саланы цифрландыруды және халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырды.